ЖИ: Технологиялық серпіліс уақыты

Бүгін, 14:00 / Túrkіstan International Political Weekly
сурет: istockphoto.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы стратегиялық ой жасанды интеллект (ЖИ) бағытында өрбіді. Бұған себеп жоқ емес. Жаңарудың жаңа жолын іздеген әлемдік қауымдастық ЖИ тақырыбы күн тәртібінен түспей тұр. Батыс та, Шығыс та оның перспективасы мен проблемасын талқылап, ортақ тұжырым жасауға ұмтылуда. Қазақстан да бұл үдеріске бейжай қарамай, өз бастамасын ұсынып отыр.

Соның бір айғағы – Digital Bridge халықаралық технологиялық форумы. Биыл 2-4 қазан аралығында «Технологиялық серпіліс уақыты» ұранымен өтеді. Аталған алаңда Біріккен Араб Әмірлігінің жасанды интеллект жөніндегі министрі Омар Аль-Олама мен белгілі футуролог Кай-Фу Ли сынды сарапшылар ой бөліседі. Бірақ басты сауал басқа: ЖИ қоғамды қалай өзгертіп жатыр? 

Қоғамдағы серпіліс

Зияткерлік технологиялар енді болашақтың қиялы емес, бүгіннің шындығы. Ол жұмыс тәсілін, қарым-қатынасты, ойлау мәдениетін түбегейлі өзгертіп жатыр.
Мысалды ұзақтан іздемей-ақ, ой еңбегі, шығармашылық саласын алайық. Жасанды зерде бұрын адамға ғана тән деп саналған қиял мен шабытқа ортақтаса бастады. ChatGPT секілді тілдік модельдер мақала жазуға, сценарий құрастыруға көмектесе бастады. Музыка мен бейне өндіруде жаңа мүмкіндіктер ашылып, креативті экономика көкжиегін кеңейтті. Тіпті, ЖИ өлең мен поэмалар жазып, ақындарды тығырыққа тіреуде.  
Жасанды зерде айрықша рөл атқаратын саласының бірі – медицина. Алгоритм машинасы рентген мен МРТ суреттерін талдап, дертті ерте кезеңде анықтауға көмектеседі. Кейбір жүйе қатерлі ісіктің алғашқы белгісін кәсіби маманнан бұрын байқайды. Қазақстанда телемедицина мен «ақылды» диагностика жүйесі еніп, елдің шалғайындағы науқастарға сапалы қызмет көрсету қолжетімді бола түсті.

Білім беру саласында заманауи техно­логия әр оқушының қабілетіне қарай жеке оқу жоспарын құруға мүмкіндік берді. Жүйе әлсіз тұстарды дәл анықтап, қосымша тап­сыр­ма береді. Бұл мұғалімнің уақытын үнем­деп, білім сапасын көтереді. Әрине, оның мүмкіндігін тиімді пайдалану бөлек әңгіме. 
Қаржы секторында да артықшылығы ай­қын байқалуда. Бұрын апталап тексе­ріле­тін мәліметтерді алгоритм қазір бірнеше секунд­та талдап береді. Бұл қаржы жүйесінің се­нім­ділігін арттырып, тұтынушыға да уақыт үнемдеуге қолайлы.
Логистика және көлік саласында да ЖИ жүк тасымалы бағытын оңтайландырып, шы­ғынды азайтуда. Қазақстандағы кей ком­пания қойма жұмысын роботтандыруға көш­ті. Мұндай қадам экономика жаңа тех­но­логиялық дәуірге аяқ басқанын көрсетеді. 
Бұл өзгерістер бір-бірінен бөлек емес, өзара сабақтас. Ал олардың қай арнаға бұры­ла­тыны қоғамның ақыл-парасаты мен жауап­­кершілігіне тәуелді. Digital Bridge осы үде­ріс­тердің мәнін ашуға арналған маңызды алаң.

Қауіп пе, мүмкіндік пе?

Жасанды интеллект туралы пікірлер әр­қилы. Ол бір мезетте әрі мүмкіндік, әрі қауіп ретінде бағаланады.
БАӘ-нің жасанды интеллект жөніндегі министрі Омар Аль-Олама халықаралық форум­да: «Жасанды интеллект қоғамға пай­да әкелуі үшін оған сенім қалыптастыру қа­жет. Бұл – тек технология емес, адамдар­дың қауіпсіздігі мен болашағы туралы мә­селе», – деген еді.
Бұл ойдың астарында үлкен мән жатыр. Егер қоғам әділдікке, құпия деректің қор­ғалуы­на, адам құқығының сақталуына се­нім­сіз болса, технология пайда әкелудің ор­нына қорқыныш тудырады. Демек, мәселе бағ­дарламалауда ғана емес, әлеуметтік жауап­­­­­кершілікте, құқықтық кепілдікте 
тұр.
Әлем елдері осыны ескеріп, шешім іздеу­д­е. Мәселен, Еуропалық одақ 2024 жылы «Жа­­­санды интеллект туралы заң» қабылдап, адам мен роботтың арақатынасын, қызмет көр­сету шеңберін заңдық негізде бекітті. Қа­зақстанда да Мәжілісте жасанды зерде жө­ніндегі заң жобасы қаралып жатыр.
Футуролог Кай-Фу Ли «AI 2041» кітабын­да: «Жасанды интеллект миллиондаған жұ­мысты өзгертеді, бірақ миллиардтаған жаңа мүм­кіндік туғызады. Ең бастысы – оған қар­сы тұру емес, бейімделу», – деп жазады.
Шынында, тарихтағы кез келген тех­ноло­гия­лық төңкеріс еңбектің сипатын өз­гер­тумен қатар жүрген. Өндірістік револю­ция қол еңбегін ығыстырса, цифрлық дәуір­де компьютер есепші мен хатшының жұ­мысын жеңілдетті. Ал жасанды зерде бұл үрдісті бұрын-соңды болмаған қарқынмен үдетіп отыр. Жаппай жұмыссыздық қаупі де содан туындайды.
Сондықтан мемлекет пен бизнес жаңа технология енгізумен бірге халықты қайта оқытуға, жаңа мамандықтарға бейімдеуге күш салуы тиіс. Әйтпесе, мүмкіндікті пайда­ла­­нып отырып, қоғамның бір бөлігін шетте­тіп алу қаупі бар.

Қазақстан үшін мүмкіндік

Жасанды зерде – жаңа индустрияларды дамытуға және экономика­ны жеделдететін жол. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge 2023 фору­мында:
«Жасанды интеллект біздің дамуы­мыз­дың тежегіші емес, драйвері болуы керек. Қа­зақ тіліндегі ЖИ шешімдері – ұлттық қауіп­сіз­дік пен цифрлық тәуелсіздіктің кепілі», – деген болатын.
Бүгінде әлемдік ЖИ жүйелерінің көбі ағылшын тілінде жұмыс істейді. Егер өз тілімізді технологиялық кеңіс­тіктен тыс қалдырсақ, ертең ақпарат­тық тәуелділік күшейіп, мәдени код әлсіреуі мүм­кін. Қазақ тіліндегі жасанды зерде жо­балары сондықтан да инновация ғана емес, ұлттық қауіпсіздік кепілі.
2018 жылы құрылған Astana Hub халық­аралық IT-стартаптар технопаркі бүгінде 1 мыңнан астам жобаны қамтып отыр. Онда жасанды зерде, финтех, агротех, медтех, GovTech, EdTech бағыттары дамуда. Hub-қа салықтық жеңілдіктер ұсынып, арнайы құ­қықтық режим орнатты. Осылайша, ол цифр­­лық кәсіпкерліктің басты орталығына айналды.
Бүгінде Astana Hub денсаулық сақтау мен білім беру және тағы басқа салаларға қатыс­ты ЖИ шешімдер жасауда.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан тұтынушы емес, өндіруші елге айнала алады. Кадр дайындау, ин­новациялық экожүйе құру мен халық­аралық серіктестік – бұл бағыттағы басты үш бағыт.

P.S. 

Digital Bridge 2025 бір нәрсені анық көрсетті: болашақ басталып кетті. Жасанды зерде – тек технология емес, өркениеттің жаңа парағы. Ал бұл парақты қалай жазатынымыз – қоғамның парасаты мен жауапкершілігіне байланысты.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Тэгтер:

технология ЖИ серпіліс