Қарағанды тұрғыны кәмелетке толмаған қызы №02 автобуста тап болған жағымсыз жағдайды айтып берді , деп хабарлайды turkystan.kz.
Әселдің айтуынша, 12 жастағы қызы жаттығуға жалғыз өзі бара жатқан. Бірнеше күн бұрын оның оқушыларға арналған ONAY! картасы істен шыққандықтан, ол анасының картасын пайдалануға мәжбүр болған.
«Балам жолақыны төледі, артынша кондуктор кіріп, бірден сұрақтың астына алған: "Сенің картаң қайда, неге бөтен картамен төлеп отырсың? Мүмкін, ұрлап алған боларсың?" деп. Қызым бұл менің картам екенін түсіндірмек болып, төлем жасалған скриншотты көрсеткісі келген. Бірақ әйел айқайлап, балағаттап, картаны тартып алып, қызымды түсіріп жіберемін деп қорқытқан. Ақырында қызым маған қоңырау шалып, тұтқаны берді. Бірақ менімен сөйлескенде де кондуктор дөрекі дауыс көтеріп сөйледі. Ал шын мәнінде қызым "қоян" болып жүрген жоқ, жолақысы төленген еді», – дейді Әсел.
Айтуынша, кондуктор баладан тағы да жолақыны қолма-қол төлеуді талап еткен. Автобустағы жолаушылардың барлығы бұл жанжалға куә болып, қызды қорғауға тырысқан.
Автопарк басшылығы оқиға жайлы алғаш рет журналистерден естігенін мәлімдеді. Кондуктор бұл туралы басшылыққа хабарламаған. Бастапқыда оның науқастанып, ем алып жатқаны айтылды.
Кейін автопарк өкілдері ONAY! жүйесінің жария шарттарына сәйкес, картаны тек иесі ғана пайдалана алатынын нақтылады. Ереже бұзылған жағдайда, кондуктор картаны тәркілеуге құқылы екені де түсіндірілді.
Сонымен қатар, автопарк қызметкердің әрекеті ресми түрде нұсқаулыққа сәйкес болғанын айтып, оған ешқандай жаза қолданылмайтынын (тәртіптік те, материалдық та) жеткізді.
Дегенмен, басшылық барлық кондукторлармен әңгіме жүргізгенін, ал оқушылардың әлеуметтік жолаушылар санатына жататынын ескертіп, мұндай жағдайда көбірек түсіністік пен жұмсақтық таныту қажеттігін айтты.