Жыл басынан бері көп балалы отбасыларға 352 млрд теңге төленген

Бүгін, 17:13 / Алуа Арман
istockphoto.com

2025 жылдың басынан бері Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақыларды орта есеппен 855 мың адам алған. Олар – көпбалалы отбасылар мен бала тәрбиесіндегі ерекше еңбегі үшін марапатталған аналар, деп хабарлайды turkystan.kz.

Осы кезеңдегі жалпы төлем сомасы 404,3 млрд теңгені құрады. Қаражаттың негізгі бөлігі — 352,2 млрд теңге — 612 мың көпбалалы отбасын қолдауға бағытталды, ал 243 мың марапатталған анаға жиынтық түрде 52,1 млрд теңге төленді. Тамыз айында 846,8 мың адам жалпы сомасы 49,8 млрд теңге жәрдемақы алды. Оның ішінде 602,3 мың көпбалалы отбасы және 244,5 мың мемлекеттік наградалармен марапатталған әйелдер бар.

Жәрдемақы алу құқығына кемінде төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар ие болады. Бұл ретте табыс деңгейі есепке алынбайды. Төлем мөлшері балалар санына байланысты және әртүрлі: төрт баласы бар отбасыларға айына 63 мың теңгеден бастап, жеті баласы бар отбасыларға 110 мың теңгеден асады. Егер отбасында сегіз және одан да көп бала болса, әр балаға 15 728 теңгеден төленеді.

«Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, сондай-ақ бұрын «Батыр ана» атағын алған немесе «Ана даңқы» орденімен марапатталған аналар да ай сайын жәрдемақы алады. Төлем мөлшері наградаға байланысты және 2025 жылы айына 25 мыңнан 29 мың теңгеге дейін құрайды.

Тэгтер:

жәрдемақы көп балалы отбасы