АҚШ компаниясы 400 жыл бұрын жойылып кеткен құсты тірілтпек

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

АҚШ-тағы Colossal Biosciences биотехнологиялық компаниясы XVIІ ғасырда жойылып кеткен атақты додо құсын қайта тірілтуге бір қадам жақындады, деп хабарлайды turkystan.kz gizmodo.com-ға сілтеме жасап.

Ғалымдар көгершін жасушаларын өсіріп, олардың генін өзгерткен. Артынша бұл жасушаларды тауыққа енгізген. Егер тәжірибе жоспарға сай жүрсе, алдағы 5-7 жылда тауықтар додо эмбрионы бар жұмыртқа сала бастайды.

Бұл – компанияның ресми жобасы. Colossal бұған дейін түкті мамонт пен тасман жолбарысын (тасман қасқыры деп те аталады) қайта тірілту жоспарын жариялаған болатын.

Додо құсы соңғы рет шамамен XVII ғасырдың басында Маврикий аралында тіркелген. Ол адам әрекетінің, аңшылық пен экожүйенің бұзылуының салдарынан жойылып кеткен. Құс бүгінгі күні мемге айналып, «жойылып кеткен түрдің» символы ретінде белгілі.

Тэгтер:

құс тірілту додо