Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Николай Арефьев азаматтарға интернетті бір аптаға немесе ең болмаса демалыс күндері сөндіруді ұсынды. Оның айтуынша, мұндай шара ресейліктердің көру қабілеті мен жүйкесін сақтауға, сондай-ақ құмар ойындарға тәуелділік деңгейін төмендетуге көмектеседі, деп хабарлайды turkystan.kz absatz.media-ға сілтеме жасап.
Арефьевтің пікірінше, интернетті үздіксіз пайдалану денсаулыққа да, қаржыға да зиян келтіреді.
«Қазір интернет пайдадан гөрі зиян тигізіп отыр. Адамдар онда сағаттап, тәулік бойы отырады, көзін, жүйкесін құртады. Миллиондаған адам ойынқұмарлыққа салынып, ақшасынан айырылады. Бұл ақыры психикалық дертке алып келеді», – деді депутат «Абзац» басылымына берген сұхбатында.
Парламентарийдің есебінше, интернеттің адам өміріне әсерінің 70 пайызы зиянды. Ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да желінің психикалық бұзылыстарға ықпал ететініне алаңдап отырғанын еске салды.
Зерттеулерге сәйкес, 2025 жылы әлем тұрғындары интернетте орта есеппен тәулігіне 6 сағат 36 минут өткізеді. Ең көп уақытты желіде жасөспірімдер, студенттер және 25–34 жас аралығындағы азаматтар өткізетіні анықталды. 35–55 жастағы адамдар да күніне шамамен 5 сағат интернетке жұмсайды.
Бұған дейін Брянск облыстық думасының депутаты, «Россия православная» қозғалысының төрағасы Михаил Иванов интернетті түнгі уақытта сағат 23:00-ден 02:00-ге дейін ажыратуды ұсынған еді. Ол мұндай «цифрлық детокс» жастарды қарым-қатынасқа, отбасын құруға және бала тууға ынталандырады деп есептейді.