Алматыда ректордың қызметін 200 мың долларға сатқан

Бүгін, 14:48 / Алуа Арман
istockphoto.com

Алматыда сот ЖШС директорын аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әуезов аудандық сотының материалдарына сәйкес, 2015 жылы сотталушы жәбірленушіден 200 мың доллар (сол кездегі бағам бойынша 37 миллион теңге) алған.

Сотталушы Білім және ғылым министрлігіндегі байланыстары арқылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры қызметіне тағайындауға көмектесе алатынын айтқан. Алайда ол алған ақшаны өз қалауынша жұмсап, міндеттемелерін орындамаған және қаражатты қайтармаған.

Алматы қаласының Әуезов аудандық соты сотталушыны аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды.

Сот сотталушының өзгенің ақшасын алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы иемденгенін анықтады. Оның әрекеттері Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына ("Аса ірі көлемдегі алаяқтық") сәйкес сараланды.

Алайда сот қылмыс жасалғаннан бері 10 жыл өткеніне байланысты оны қылмыстық жауапкершіліктен босатты (ҚК 71-бабы 1-бөлігі 4-тармақ).

Сонымен қатар сот жәбірленушінің азаматтық талабын қанағаттандырды. Сотталушыдан 37,07 миллион теңге, сондай-ақ мемлекет кірісіне 370,7 мың теңге мемлекеттік баж өндіру туралы шешім шығарылды.

Тэгтер:

қызмет университет ректор Лауазым