Астана – Теміртау автожолында лазерлік ескерту жүйесі іске қосылды

Бүгін, 12:57 / Інжу Әлихан
ҚазАвтожол

Астана – Теміртау жолында жаңа лазерлік ескерту жүйесі сынақтан өтуде, деп хабарлайды turkystan.kz.

ҚазАвтоЖолдың ақпаратынша, 17 қыркүйек күні Қарағанды облысындағы Астана – Теміртау республикалық маңызы бар автомобиль жолының 1402 шақырымында (Ошағанды ауылының маңы) инновациялық белсенді лазерлік ескерту жүйесі алғаш рет сынақ режимінде уақытша орнатылды.

"Аталған жүйе түнгі уақытта қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Арнайы сәулелік белгілер жүргізушінің көру аймағына тікелей түсіп, қауіпті жағдайларда дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік бермек. Бұл тәсіл жол-көлік оқиғаларына әкелетін шаршау, зейіннің төмендеуі және шектеулі көріну мәселелерін азайтуға септігін тигізеді.

Мамандардың дерегіне сүйенсек, жүргізушілердің лазерлік сигналдарға жауап қайтару уақыты дәстүрлі жол белгілеріне қарағанда бірнеше есе жылдам. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай технология енгізілген учаскелерде апат көрсеткіші 40-50 пайызға төмендеген.

Ошағанды ауылы маңындағы бұл қондырғы Қазақстан аумағында жүзеге асырылып отырған алғашқы тәжірибелік жоба", – делінген хабарламада.