Бүгін еліміздің екі қаласында ауа сапасы нашарлайды

Бүгін, 08:22 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Бүгін, 18 қыркүйекте Қазақстанның бірқатар қалаларында қолайлы метеожағдайлар сақталса, Ақтөбе мен Атырауда ауа сапасының нашарлауы болжануда. Бұл туралы "Қазгидромет" РМК мәлімдеді.

Синоптиктердің болжамынша, Ақтөбеде күндіз, ал Атырауда түнде қолайсыз метеожағдайлар орын алуы мүмкін.

Қолайсыз метеожағдайлар – атмосфералық ауаның беткі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін табиғи құбылыстардың (тыныштық, әлсіз жел, тұман, инверсия) жиынтығы. Мұндай жағдайда елді мекендерде ауа сапасы төмендеп, халықтың денсаулығына кері әсер ету қаупі артады.

Ауа сапасына әсер ететін негізгі факторлар – желдің бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын, ауа температурасы мен ылғалдылығы.