«Қонақ күтіп жүріп, баласынан айрылды»: Дәрігер аналарға кеңес айтты

Бүгін, 05:11 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Семей қаласында 12 жыл дәрігер-патологоанатом болып жұмыс істеп жүрген Жансая Советхан әлеуметтік желідегі парақшасында көптеген анаға сабақ болар қайғылы оқиғаны айтып берді, деп хабарлайды  turkystan.kz.

Моргке 5 айлық қыз бала түсті. Ауруханада 5 сағат қана болған. Оған дейін үйінде 5 күн дене қызуы көтеріліп ауырған екен. 5-күні бала жағдайы нашарлап, әлсіреп, жедел жәрдеммен сағат 16:30-да ауруханаға түседі. Ауыр жағдайда баланы бірден реанимацияға көтереді. Өкінішке қарай, сағат 20:00-де бала шетінеп кетеді, - деп баяндады дәрігер.

Жалпы тәжірибелік дәрігер баланың анасына рецепт жазып беріп, үйде емдеуді айтқан. 

Анасының сөзінше, дәрігер баланың қалын жиі біліп тұрған, “бәрі тамаша” болған. Алайда соңғы клиникалық және патологоанатомиялық диагноз мүлде басқа нәтижені көрсеткен.

Соңғы клиникалық және менің патологоанатомиялық диагнозым: сепсис (гистологиялық мәліметтерде ОРВИ-мен де ауырғандығының белгілері бар). Анамнезінде бала ұзақ уақыт гриппен ауырған, анасы баланың температурасы көтерілген сайын ибуфен бере берген, ауруханаға апармаған. Себеп: үйінде бірнеше күн қонақ күткен, ауруханаға баруға уақыт болмаған, - деді Жансая Советхан.

Дәрігер-патологоанатом осы оқиғаға қатысты түйінін де айтты.

Түйін: елдің көңіліне қарап қонақ күтетін және үйдегі балаларды емес, елді ойлайтын заманнан кеттік, достар. Қазір мүлдем бөлек кез. Ел сенің ауырған балаңды жазып бермейді, кеткен балаңды қайтарып бермейді. “Ел не дейді?” деген стереотипті ұмытатын кез келді. Қазіргі заман – өз отбасыңды, балаларыңды ойлайтын заман. Алланың берген аманаттарына қиянат жасамайық, - деді ол.