Елдегі банктер мен микроқаржы ұйымдары әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтарға, сондай-ақ төтенше жағдайдан зардап шеккендерге қарыз төлемдерін шегеру шарасын қолдануы тиіс, деп хабарлайды turkystan.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Жаңа өзгеріс қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулысына енгізілді. Құжатта қарыз алушы жеке тұлғаларға қарызын өтеу бойынша кемінде үш ай мерзімге комиссиялар мен өзге де қосымша төлемдерсіз кейінге шегеру мүмкіндігі берілетіні айтылған.
“Қарызды өтеуді кейінге шегеру құқығы жүгінгенге дейінгі екі айдағы табысы алдыңғы он екі айдағы табысымен салыстырғанда 30%-дан астам төмендеген азаматтарға, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алушыларға беріледі”, – делінген құжатта.
Сонымен қатар, мерзімі өткен қарызды реттеу үшін қажетті құжаттардың бірыңғай тізімі енгізілді:
- жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама,
- соңғы алты айдағы табыс туралы анықтама,
- еңбек шартын бұзу немесе жалақы сақталмайтын демалыс беру жөніндегі жұмыс берушінің актісі,
- уақытша еңбекке жарамсыздық туралы құжат,
- жалақысы көрсетілген жұмыс орнынан анықтама,
- БЖЗҚ-дан анықтама.
Сондай-ақ жүктілік пен босануына, бала асырап алуына немесе үш жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалысты растайтын құжаттар да ескеріледі.