Қазақстан кітапханалары: кітап оқу мәдениеті, жасанды интеллект және цифрландыру

Бүгін, 18:36 / Дана Ізтілеуова

17 қыркүйекте Шымкенттегі А.С.Пушкин атындағы орталықтандырылған кітапханада Қазақстан кітапханалар одағының көшпелі отырысы өтті.

Жиын «Қазақстан кітапханалары: кітап оқу мәдениеті, жасанды интеллект және цифрландыру» тақырыбына арналды.

Жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазизиа Құдайберген, Ұлттық Академиялық кітапхананың директоры Күміс Сейітова және елдің түкпір-түкпірінен келген сала мамандары қатысты.

Басқосуда кітапхана қызметін заңнамалық тұрғыдан жетілдіру және өңірлік озық тәжірибелер сөз болды. Сонымен қатар Шымкентті «оқитын қала» ретінде дамыту мәселесі көтерілді.

Қатысушылар әлеуметтік зерттеулерді кітапхана жұмысына енгізу, халықаралық ұйымдармен әріптестік орнату, жас мамандарды кәсіби тұрғыда даярлау жайында пікір алмасты. Жастардың тың жобалары мен заманауи цифрлық шешімдерді қолдану үлгілері де назардан тыс қалмады.

Түстен кейін секциялық мәжілістер жалғасты. Пушкин атындағы кітапханада құқықтық база, «Оқитын Қазақстан» жобасы және жергілікті қаламгерлер шығармаларын насихаттау жолдары қарастырылды. Арнайы кітапханада көзі нашар көретін азаматтарға қызмет көрсету жайы талқыланды. Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханада жасанды интеллект пен экология тақырыптары қозғалды.

Ал Абай атындағы орталық кітапханада кадр даярлау мен білім беру серіктестігі сөз болса, Отбасылық кітапханада жас мамандар ұйымының алғашқы отырысы өтті.

Тэгтер:

кітап оқу мәдениеті кітапхана