Елмізде тағы бір мамандық иелерінің жалақысы өседі

Бүгін, 17:50 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды. Онда архив мамандарының жалақысы бойынша жаңа нормалар көзделген, деп хабарлайды turkystan.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

— Қолданыстағы заңнамада архив мамандары санатының болмауына байланысты «азаматтық қызметші» саналатын мемлекеттік архив мамандарына лауазымдық жалақының 25% мөлшерінде жасалатын төлемнің заңдылығы туралы мәселе туындады. Осы жағдайларды ескеріп, заң жобасында мамандарды төлем түріндегі әлеуметтік шаралармен қамту мақсатында «азаматтық қызметшілер» санатына кіретін ауылдық жерлерде жұмыс істейтін сала мамандары тізбесіне архивтерді қосуды көздейтін жаңа норма ұсынылады. Бұл норма ауылдық елдімекендерде жұмыс істейтін архивші мамандарға 25% қосымша төлем жасауды жүзеге асырады, — деді вице-министр Айбек Сыдықов. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта архив мамандарының ең төменгі жалақысы 160 мың теңге шамасында, ортақ жалақы — 260 мың теңге. 

Бұдан басқа, заң жобасында архивтерде сақталатын азаматтардың дербес деректері мен жеке ақпаратын қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік архивтердің функциялары бекітілген. 

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жаңа ратификацияланатын заң жобаларының қорытындыларын оқыған еді.