«Қаламаймын, жіберіңдер»: Алматыда жас қызды алып қашпақ болған

Бүгін, 16:50 / Інжу Әлихан
скриншот

Әлеуметтік желілерде Алматыдағы «Ақсай-4» ықшамауданында қызды алып қашу сәті түсірілген видео тарап кетті деп хабарланды. Полиция бұл жағдайға түсінік берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бейнеролик қыздың «Мен қаламаймын, жібер! Көмектесіңдерші!» деген айқайынан басталады. Одан кейін кадрда қараңғылықтан шыққан көлік пен қызды күштеп көлікке отырғызбақ болған үш жігіт көрінеді.

Қыздың айқайын естіген көршілер жетіп келіп, оны құтқарып алды. Қыз көліктен жылап шықты. Көршілердің бірі полиция шақырған.

Полицияның мәліметінше, оқиға өткен дүйсенбіде болған.

«15 қыркүйек күні куәгерлерден «102» арнасына хабар түсті. Жедел әрекет етіп, полиция қызметкерлері оқиға орнына шықты. Барлық қатысушылар анықталды. Айтылғандай, жігіт пен қыз бір-бірімен таныс екен. Қыз шағымданудан бас тартты», – деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, тәртіп сақшылары жігітпен жұмыс жүргізіп, оның заңға қайшы әрекеттері үшін жауапкершілігі түсіндірілген.

Айта кетейік, Қазақстанда 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекстің жаңа бабы – 125-1 «Міндетті некеге мәжбүрлеу» күшіне енді. Бұл әрекет қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады.

Тэгтер:

Алматы алып қашу