Футбол клубтары қақпаға гол салуды емес қазынаға қол салуды жақсы меңгерген – депутат

Бүгін, 16:46 / Ербұлан Қайрат

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Президенттің футбол клубтарын жекешелендіру жөніндегі тапсырмасын жеделдету қажет екенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Расында Қазақстан футбол клубтары қақпаға гол салудан гөрі қазынаға қол салуды жақсы меңгерген. Ал біз олардың бюджетке таласқандай жасыл алаңда допқа таласқанын қалаймыз. Себебі қазіргі нәтижелері қарын ашырады. Әлемдегі белді доп додасына жолдама алған жалғыз клуб қалғандарына қорған бола алмайды, – деді депутат.

Депутаттың мәліметінше, 2024 жылы отандық 13 футбол клубын қаржыландыруға 27,3 млрд теңге жұмсалған. 2025 жылы да айтарлықтай қаржы бөлініп жатқан: «Ордабасы» клубына – 3,2 млрд, «Ақтөбе» клубына – 2,1 млрд, «Қызыл-Жар» клубына – 2 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар «Астана» клубы 2025 жылы «Самұрық-Қазынадан» 5,3 млрд теңге алған. Жалпы есеп бойынша 2025 жылы Премьер-Лига клубтарына 24 млрд, Бірінші Лига клубтарына 7,7 млрд теңге беріліп, футболға барлығы 31 799 143 000 теңге жұмсалған.

– Мұнша ақшаны аяқдоптың аяғына тастау ақылға сыймайды, – деді депутат. – Футбол клубтарын жекешелендірсек кемінде осынша қаражатты үнемдеп, оны мұқтаж салаға салуға болады.

Нартай Сәрсенғалиев жаттықтырушылардың жалақысы өте төмен екенін де атап өтті: 2025 жылы еңбек жолын енді бастаған жаттықтырушы 117 мың теңге, ал жоғары санатты жаттықтырушы 145 115 теңге алып отыр. Оның пікірінше, осындай жағдай спорт саласындағы мамандардың білім беру саласына кетуіне әкеліп соқтырып, бұқаралық спорттың дамуын тежейді.

Депутат үш нақты ұсыныс айтты:

  1. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздегі барлық футбол клубын жедел түрде жекешелендіру;
  2. Қазақстандық футбол клубтарының бүгінге дейін алған барлық қаражатын және оны қайда жұмсағанын толық тексеру;
  3. Үкіметтің №1193 бұйрығына өзгеріс енгізіп, дене шынықтыру-спорт ұйымдарындағы жаттықтырушылардың жалақысын көтеру.

Тэгтер:

Футбол ақша жекешелендіру