Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен зорлық-зомбылықтың көбеюіне алаңдайтынын жеткізді. Ол бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ерлан Көшербаевқа жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Бала – біздің болашағымыз. Олардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне, алаңсыз білім алуына жағдай жасау – ортақ міндетіміз», – деген депутат соңғы уақытта орын алған қайғылы жағдайларды мысалға келтірді.
Оның айтуынша, биылғы жаңа оқу жылы басталғалы бері бір ғана Жамбыл облысында үш жасөспірім кісі қолынан қаза тапқан.
«Тараздағы мектепте 9-сынып оқушысы төбелес кезінде көз жұмды. Шу ауданында футбол ойыны кезінде жанжал туып, тағы бір жасөспірім қаза болды. Ал 1 қыркүйекте колледжге жаңа түскен оқушы өз қатарласын пышақтап өлтірген. Бар-жоғы 15 күннің ішінде үш оқушының ажал құшуы – дабыл қағарлық жағдай», – деді Бейсенбаев.
Ресми мәліметтер де жағдайдың күрделілігін көрсетеді. 2024 жылы жасөспірімдер қатысқан 1 973 қылмыс тіркелсе, оның 130-ы аса ауыр санатқа жатады. Ал биылғы сегіз айдың ішінде 938 қылмыс жасалған. Депутаттың айтуынша, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш өткен жылдан да асып кетуі мүмкін. Әсіресе Шымкент (131), Алматы (115) және Астана (92) қалаларында жағдай өршіп отыр.
Е.Бейсенбаев мұның негізгі себептеріне тоқталды:
– мектептегі тәрбие жұмысының қағаз жүзінде қалып қоюы;
– балалардың эмоциясын басқара алмауы және психологиялық қолдаудың жеткіліксіздігі;
– ювеналды полиция мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия жұмысының формалды сипаты;
– ата-аналардың жауапкершілігінің төмендігі;
– смартфонға тәуелділік.
«Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, мектептерде смартфонды шектеу – балалардың үлгерімін арттыруға және достық қарым-қатынасын нығайтуға септігін тигізеді. Біз де осы қадамды ойластыруымыз қажет», – деді депутат.
Осыған байланысты ол Үкіметке төрт нақты ұсыныс айтты:
- Барлық мектепте антибуллинг бағдарламасын енгізу;
- Психологиялық көмек қызметін күшейтіп, балаларға эмоцияны басқару мен жанжалды шешу дағдыларын үйрету;
- Спорттық және мәдени шаралар арқылы оқушылар арасында командалық рухты қалыптастыру;
- Мектептерде смартфон пайдалануға шектеу қою.
«Бұл – бір ғана мектептің немесе өңірдің мәселесі емес, бүкіл қоғамға ортақ түйткіл. Егер осы шараларды шұғыл қолға алмасақ, жасөспірімдер арасындағы қылмыс одан әрі асқынуы мүмкін», – деп түйіндеді Елнұр Бейсенбаев.