Жансейіт Түймебаев: Мұғалімдерді шетелде демалту назарға алынбақ
Жансейіт Түймебаев: Мұғалімдерді шетелде демалту назарға алынбақ
Мұғалімдердің әлеуметтік мәселесі, баспанамен қамтылуы, ел қатарлы шетелде демалуы жіті назарда болмақ. Бұл туралы білім мәселелеріне арналған онлайн-селекторлық кеңес барысында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев атап өтті.
Оңтүстік Қазақстан облысында 1800-дей білім саласы қызметкерлері мен қала-аудан әкімдіктері басшыларының қатысуымен өткен алқалы жиында білім саласындағы реформалар мен орта білім беру сапасы, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мәселелері сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыста бүгінгі таңда мектептер мен колледж, техникумдарда дәріс беретін 76 мың ұстаз бар.
«Облыста бүгінгі таңда мектептер мен колледждерде дәріс беретін 76 мың ұстаз бар екен. Сондықтан, біз ұстаз мәртебесін көтеріп, оның әлеуметтік жағдайына дейін көңіл бөліп, қолдау көрсетуіміз қажет. Яғни, оларды шетелде демалдыру үрдісін жалғастырып, баспанамен қамту жайын қолға алуымыз керек. Өйткені мұғалімдердің жағдайын жақсартпайынша, жақсы нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес», - деді Ж.Түймебаев.
Өңір басшысының айтуынша, мұғалімге көрсетілген көмек - болашаққа жасалған қамқорлық. Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы, аудан, қалалардағы білім бөлімдерінің басшыларына жұмысты жандандырып, қолға алуды тапсырды. Бұдан былай аталған саладағы тәртіптің қатаң болатынын ескерткен аймақ басшысы облыс бойынша мектептердің рейтингін жариялауды тапсырды.
Сондай-ақ мәжілісте мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту және орта білім беру сапасына қатысты сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков білім беру сапасын арттыру мақсатында шешімін табуды қажет ететін бірқатар мәселелерді атады. Оның сөзінше, өңірде білім саласы бұдан былай қатаң бақылауда болады. Жоғары сапалы білім беретін 10 мектеп анықталып, сол оқу орындарында кеңейтілген семинарлар өткізіледі.
Алғаш болып тізгінді «Алтын белгі» саны бойынша облыста бірінші орынды иеленіп жүрген Мақтаарал ауданындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназия қолға алмақ.