Атырауда жүкті әйелді зорлап, өлтіріп, үйін тонап кеткен сантехникке үкім шықты

Бүгін, 14:57 / Алуа Арман
Ғаламтор

Атырауда сот NCOC компаниясының менеджерін өлтіру ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.

2022 жылы жәбірленуші пәтер сатып алып, жөндеу жұмыстарын талқылау үшін шеберді шақырған. Ол сеніміне кіріп, әйелдің көлік тұрағын сатып алу жоспарын біліп алып, «таныстар арқылы жеңілдікпен алу нұсқасын» ұсынған. 400 мың теңге алдын ала төлем алып, ақшаны өзіне жаратқан.

Бір жылдан соң жәбірленуші «Жүктімін, енді күте алмаймы» деп, ақшаны қайтармаса, шағым түсіретінін айтқан. Сантехник арақ ішіп келіп, бетіне маска киіп, қолына пышақ алып, оны зорлап, ерекше қатыгездікпен өлтірген.

Одан кейін ол пәтерді төңкеріп, сейфті бұзып, ақша, алтын, телефонды алып, автокөлікті теуіп кеткен. Келтірілген жалпы шығын 13 млн теңгеден асқан.

Сот күдікті Арман Жетпісовті Қылмыстық кодекстің бірнеше бабымен кінәлі деп таныды:

190-бап 1-бөлік – алаяқтық;

120-бап 2-бөлік 2-тармақ – ерекше қатыгездікпен жасалған зорлау;

99-бап 2-бөлік 4, 5, 10-тармақтар – жүкті әйелді аса қатыгездікпен, басқа қылмысты жасыру мақсатында өлтіру;

188-бап 4-бөлік 3-тармақ – ірі көлемдегі ұрлық;

200-бап 1-бөлік – автокөлікті заңсыз иемдену.

Сот жеңілдететін мән-жайларды таппады, керісінше – қылмыстарды мас күйінде жасағанын  ауырлататын жағдай деп таныды.

Қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Қаза тапқан әйелдің отбасына материалдық және моральдық өтемақы өндірілді.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Тэгтер:

Атырау жүкті әйел зорлау өлтіру