OpenAI компаниясы жасанды интеллект қолданушыларын жас ерекшелігіне қарай бөлуге кірісті. Жаңа жүйе әңгімелесу стилін талдап, қолданушының 18 жасқа толған-толмағанын анықтайды. Егер жүйе күмәнданса, әдепкі бойынша «кәмелетке толмағандарға арналған» қауіпсіз нұсқа қосылады, деп хабарлайды turkystan.kz businessinsider.com-ға сілтеме жасап.
Бұл нұсқада зорлық-зомбылық сипатындағы әңгімелерге, сондай-ақ өз-өзіне зиян келтіру тақырыбына қатаң шектеулер қойылады. Сонымен қатар ата-аналарға бақылау мүмкіндігі беріледі: олар балалардың чат тарихын қарау, уақыттық шектеулер қою және қолдануды басқару құқығына ие болады.
Кейбір елдерде жас мөлшерін нақты растау үшін қолданушылардан жеке куәлік немесе паспорт сұралуы мүмкін. OpenAI мұны жасөспірімдерді қауіпті контенттен қорғау және чат-ботты «жасына сай» пайдалануды қамтамасыз ету үшін қолға алып отыр.
Компанияның мәліметінше, бұл бастама жасанды интеллектті қауіпсіз әрі сенімді қолдануды күшейтуді көздейді.