«Шетелге оқуға түсіремін»: Алматыда оқу орнының басшысы жұртты алдап, 168 млн теңге алған

Бүгін, 10:30 / Алуа Арман
istockphoto.com

Алматыда «балаңды шетелдік университетке оқуға түсіремін» деген сылтаумен 112 адамды алдап, 168 млн теңге алған оқу орталығының басшысына сот үкімі шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ер адам оқу орталығын ұйымдастырып, интернеттегі белсенді жарнама арқылы ата-аналарға балаларын шетелдік жоғары оқу орындарына «100 пайыз түсіремін» деп уәде еткен. Бұдан бөлек, Қазақстанда Foundation бағдарламасы бойынша оқытамын деп сендірген.

«Оқыту үшін ол жеңілдіктермен жедел түрде бөліп төлеу немесе несие рәсімдеу схемасын ұсынған. Алайда кейіннен шетелде оқу да, сертификаттар да берілмегені анықталды», – деді сот.

Алаяқтық жолмен сотталушы 112 азаматтан 168 млн теңге жинаған. Жәбірленушілер ол үшін барынша қатаң жаза тағайындауды сұраған. Ал айыпталушы кінәсін мойындамай, ақтауды талап еткен.

Бостандық ауданының №2 аудандық соты оны «Алаяқтық» бабы бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда үкім Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған амнистияға байланысты бестен бір бөлігі қысқартылып, түпкілікті жаза мерзімі – 5 жыл 7 ай болып белгіленді.

Азаматтық талап-арыздар толық қанағаттандырылды: сотталғаннан жәбірленушілердің пайдасына 168 млн теңгеден астам қаржы өндіріп алынды.

Тэгтер:

Алаяқ оқу орталығы