Полиция алаяқтарды SIM-карталармен қамтамасыз еткен топты ұстады

Бүгін, 10:21 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Алматы қалалық киберпол қызметкерлері мессенджерлерге тіркеу үшін көп мөлшерде SIM-карталар мен мобильді телефондарды сатып алып, пайдаланған адамдар тобын ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тексеру барысында 400-ден астам SIM-карта, ондаған банк картасы мен бірнеше мобильді телефон тәркіленді. Аталған құрылғылар заңсыз әрекеттер үшін қолданылған.

Алдын ала мәліметтер бойынша, SIM-карталар мен телефондар telegram» және whatsApp мессенджерлерінде тіркеу кезінде растау кодтарын қабылдау үшін сатып алынған. Қазіргі таңда ұсталған азаматтардың интернет-ресурстар арқылы жасалған бірқатар алаяқтықтарға қатысы бар-жоғын тексеруде.

«Интернет-алаяқтықпен күрес – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Біз SIM-карталардың заңсыз айналымына қатысты тізбектерді анықтап, полицияның өзге де бөлімшелерімен бірлесе отырып, барлық мән-жайды анықтау және кінәлілерді жауапкершілікке тарту мақсатында кешенді тергеу іс-шараларын жүргізіп жатырмыз», – деді Алматы қалалық ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.

Қазір толық көлемде тергеу және жедел шаралар кешені жүргізілуде.