Ұлттық банк бір айлық және жылдық инфляцияның деңгейін жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz Қазақстан банктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазақстанда тамыз айында жылдық инфляция 12,2 процентті құрады. Шілде айында оның деңгейі 11,8 процент болған. Осылайша, жылдық инфляция 17 өңірде жеделдесе, 3 өңірде баяулай түсті.
"Атап айтқанда, тамызда азық-түлік тауарларының бағасы жылдық мәнде 11,7 процентке өсті. Әсіресе, Ұлытау облысында (14,8%) ең жоғары өсім болды. Ал Алматы қаласында ең төмен – 8,7% проценттік өсім тіркелген", - деп жазылған хабарламада.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы жылдық мәнде 9,7 процентке артса, ең жоғары өсім Абай облысында (12,6%), ал ең төменгі мән Алматы қаласында (7,5%) тіркелді.
Тамыз айында ақылы қызметтердің бағасы да жылдық мәнде 15,3 процентке артты. Маңғыстау облысында ғана бұл өсім (9,8%) жалпы республикалық деңгейден біршама төмен болды.