Италияда 15 жастағы танымал мәнерлеп сырғанаушы қаза тапты

16 қыркүйек, 2025 / Өтей Торғайұлы

Италияның Джустино коммунасында жүк көлігі 15 жастағы мәнерлеп сырғанаушы жұлдыз Матильда Феррариді қағып кетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы La Gazzetta dello Sport басылымына сілтеме жасап Oxu.Az хабарлайды.

Ақпаратқа сәйкес, бойжеткен Тионеге бағытталған көлікті күтіп тұрған. Ол сонда жоғарғы сыныптарда оқитын. Матильда бірнеше құрбысымен бірге жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқанда, дер кезінде тоқтай алмаған жүк көлігі соғып кеткен.

Оқиға орнына жедел жеткен дәрігерлердің көмегіне қарамастан, ол алған жарақаттарынан көз жұмды.

Матильда Феррари танымал мәнерлеп сырғанаушы еді. Ол SGA Pinzolo спорт клубының мүшесі болған. 2025 жылдың жазында Италия кубогының финалында қола жүлдеге ие болса, 2024 жылы Падуяда өткен Венеция кубогында алтын медаль жеңіп алған. Сондай-ақ басқа да турнирлерде жеңімпаз атанған.

Тэгтер:

Италия Матильда Феррари