2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне дропперлік үшін жауапкершілікті қарастыратын жаңа 232-1-бабы енгізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Банк шотына, төлем немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, оны беру немесе алу, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру, оның ішінде материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаларға банк картасын беру әрекеттері дропперлік болып саналады.
Бұл әрекет интернет-алаяқтықтың негізгі әдістерінің бірі және ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру мен шығару үшін қолданылады. Іс-әрекеттің ауырлығына, сипатына және алынған пайда мөлшеріне қарай 232-1-бап айыппұлдан бастап, мүлікті тәркілей отырып 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Аталған норма кибералаяқтыққа қарсы жүйелі күресті, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін нығайтуды және цифрлық ортада әрекет ететін қылмыстық топтардың қызметін тоқтатуды көздейді.