Бестерек ауылында жол апатынан зардап шеккен 9 жастағы қыз әлі де кома жатыр. Бұл туралы Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы хабарлады, деп жазады turkystan.kz.
Дәрігерлердің мәліметінше, баланың жағдайы өзгеріссіз. Қыз бала шамамен бір айдан бері III дәрежелі комада, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Айта кетейік, 19 тамызда Абай облысының Үржар ауданында 55 жастағы жүргізуші үйдің қақпасы маңында ойнап жүрген алты баланы қағып кеткен. Соның салдарынан үшеуі қаза тапты: ең кішісі – 2 жаста, үлкені – 8 жаста болған.
Алтыдан тоғыз жасқа дейінгі үш бала ауруханаға жеткізілді. Кейін олардың екеуі санитарлық авиациямен Астанаға жіберілді, ал бір қыз аудандық ауруханада ауыр халде қалған. Президенттің тапсырмасымен өңірге шұғыл түрде астанадан мамандар келіп, бірнеше операция жасады. Кейіннен қыз бала Семей медицина университетінің госпиталіне жеткізілді.
Балаларды қаққан жүргізуші екі айға қамауға алынды. Оның туыстары қайғылы жағдайға жүрек талмасы себеп болғанын айтты. Медициналық сараптама жүргізушінің мас күйде болмағанын да, есірткі қолданбағанын да растады.