Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына жұмыс сапары барысында егін шаруашылығын дамытудағы басым міндеттерді атады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Президент жиналған өнімді тиісінше сақтауды маңызды міндеттің бірі деп санайды. Әртүрлі дақылдарды өсірудің жоспардағы көлемі мен әр дақылға жеке қойма қажет екенін ескерсек, мұндай орындардың тапшылығы байқалады.
– Заманауи элеваторларды салуға және оларды ұстап тұруға қомақты инвестиция қажет екені анық. Сондықтан элеваторларды жаңғырту үшін жеңілдетілген қаржыландырудың арнайы бағдарламасын іске қосу керек. Сапалы тұқым дайындауға баса назар аударған жөн. Бұдан бөлек, отандық нарықты өзімізде шығарылған тұқыммен қамтамасыз етудің нақты қадамдары керек. Былтырдан бастап жетілдірілген минералды тыңайтқыштарды субсидиялау тетігі тиімділігін көрсетті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдында тұқым өндірісі бойынша мемлекеттік қолдаудың баламалы шараларын енгізу міндеті тұр. Жалпы, егін шаруашылығында жақсы нәтижеге қол жеткізгенімізді атап өткен дұрыс. Бұл ауыл шаруашылығының аралас салаларына оң әсер етіп отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына цифрлық технологияны тездетіп енгізуді тапсырды
– Жыл соңына дейін мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленеді. Бұл құжат ұзақ мерзімге жеңілдетілген қаражат алуға мүмкіндік береді. Біз тек жаппай цифрландыру арқылы экономиканың барлық саласында ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз ете аламыз. Мен бұл мәселеге Жолдауда жан-жақты тоқталдым. Ауыл шаруашылығына цифрлық технологияны тездетіп енгізу керек. Егін және мал шаруашылығындағы үдерістерді толық қадағалап отыру үшін цифрлық тәсілдерді қолдану қажет. Бұл жұмысты ІТ-бизнеспен бірлесе отырып атқарған жөн, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамытуға бюджеттен қомақты қаражат бөлініп жатқанына тоқталды.
– Демек істеліп жатқан әрбір жұмыстың, әрбір шараның нақты нәтижесі болуға тиіс. Бір сөзбен, ауыл шаруашылығына оң ықпал етуі керек. Мемлекет адал жұмыс істейтін диқандарға әрдайым қолдау көрсетеді. Ауыл шаруашылығының жай-күйі менің ерекше бақылауымда, бұл салаға баса мән беремін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді біздің халқымыз. Сондықтан бірлесе отырып, осы маңызды науқанды уақытында және табысты аяқтаймыз деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.