«Ұлың үшін ақша бер»: Өгей әкесі баланың туған әкесін бопсалап, үнемі ақша алып келген

Бүгін, 11:44 / Алуа Арман
Қостанай облысының Полиция департаменті

Қостанай облысында полицейлер ерекше қылмыстық істі тергеп жатыр. Федоров ауданының 30 жастағы тұрғыны 36 жастағы танысынан ірі көлемде ақша бопсалаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері анықтағандай, жанжал тек қаржылық емес, отбасылық сипатқа да ие болған. Жәбірленушінің бұрынғы әйелі қазіргі кезде күдіктіге тұрмысқа шыққан, ал 11 жастағы ұлы өгей әкесімен бірге тұрады.

«Осы жағдайды ер адам пайдаланған: шілде айында ол баланың әкесіне оның көлік апатына кінәлі болғанын айтып, сол сылтаумен 750 мың теңге алған; кейін жаңа оқиғаны ойлап тауып, бала полицияға ұсталды, мәселені шешу үшін 650 мың теңге қажет болды деген. Осыдан кейін күдікті 1,5 миллион теңге талап ете бастаған. Тергеу мәліметінше, ол үнемі қоңырау шалып, тіпті жәбірленушіні қалаға алып шығып сөйлескен», – деді полиция.

Нәтижесінде ер адамға қатысты «Бопсалау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу жалғасуда, барлық мән-жай анықталып жатыр.

Тэгтер:

әке Өгей әке бопсалау