Жетісу облысының Көлбай ауылының маңында үш автокөлік соқтығысқан жантүршігерлік жол апаты болды. Бір әулеттің 10 адамы қаза тапқан. Тек бір жолаушы тірі қалған. Ол жарақат алып, тексерістен кейін амбулаторлық емге жіберілген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қайғылы жағдай 13-тен 14 қыркүйекке қараған түні болған. Полиция дерегінше, Алакөл ауданындағы тас жолда үш автокөлік соқтығысқан. Туысқандар отбасылық мерекеден қайтып келе жатқан.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қаза болғандардың туған-туыстарына шын жүректен қайғырып көңіл айтамыз. Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдықты асырмауға және жолаушыларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын орындауға шақырады», – деді Жетісу облыстық ПД бастығының орынбасары Жасұлан Байкенов.