Ұлыбританияның Ливерпуль қаласынд өткен бокстан әлем чемпионаты аяқталды. Ұлттық құрама 7 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды, деп хабарлайды turkystan.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Бұл турнирдің ерекшелігі әлемдік бокс федерациясының жаңа құрылымы аясында ұйымдастырылған алғашқы ірі жарыс болды. М&S Bank Arena аренасында 68 елден келген 540 боксшы бақ сынады.
Қазақстанның "алтын" дәуірі
Қазақстан құрамасы бұл чемпионатта айқын фаворитке айналды. Боксшыларымыз 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте көш бастады. Жеңіс жолында жас буын мен тәжірибелі спортшылар қатар жарқырады. Әрбір финалдағы айқас тек спорттық қана емес, психологиялық тұрғыдан да үлкен жауапкершілік болды.
Бұл әлем чемпионатын біз үлкен мақтанышпен бағалай аламыз. Жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты. Бұл орасан зор жетістік. Қазақ боксының тарихында жаңа белестер ашылды. Бір отбасынан екі бірдей әлем чемпионы шықты. Ағайынды Махмұд пен Төрехан Сабырхандар бір бапкердің шәкірті,-дейді спорт комментаторы Жандос Айтбайұлы.
Тарихи жеңіс
Қазақ пен өзбек боксы арасындағы бәсеке бұл додада да жалғасын тапты. Соңғы нүктесін ауыр салмақта шаршы алаңға Айбек Оралбай қойды. Алтын жүлде үшін айқаста Оралбайды өзбекстандық Джахонгир Зокиров күтіп тұрды. Оны көпшілік "Баходир Жалоловтың ізбасары" деп атайды. Тартысты өткен жекпе-жек қазақстандық боксшының пайдасына 3:2 есебімен аяқталды. Осылайша Айбек Оралбай әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алды, ал Джахонгир Зокиров әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанды.
Бұған дейін бұл жарысқа ең мықтылар толыққанды келмейтін еді. Ал осы жолы нағыз чемпиондар жиналып, доданың деңгейін айрықша көтерді. Бірінші күннен бастап, алғашқы айналымдардан-ақ мықтылардың шын бәсекесі басталып, нағыз тартысты кездесулер өтті. Жарыс оңай болған жоқ. Қазақ қыз-жігіттері өз мықтылығын дәлелдей алды. Біз бірде қиналдық, бірде қуандық, бірге мұңайып, бірге шаттандық. Айбек Оралбай қазақ тарихында ауыр салмақта бірінші рет чемпион атанды. Мұндай жетістік біз үшін бұрын-соңды болмаған тарихи белес. Қазір олардың еңбегі халықаралық деңгейде жоғары бағаланып отыр. Президент те алғашқы жекпе-жектерден кейін қолдау көрсетіп, құттықтауын жолдады. Бұл жігіттерге үлкен мотивация беріп, әр спортшы оны сезініп, қуат алды,-дейді спорт журанлисі Аслан Қаженов.
Спорт журналисі Жандос Айтбайұлының айтуынша, біздің боксшылар нағыз бабында болған.
Әлем чемпионатында боксшыларымыз тыңғылықты дайындық жүргізгені көрініп тұр. Қазақ таланттары әуесқой бокста әлем алдында шеберлік сабағын өткізді десек болады. Әсіресе жеңіл салмақтағы Санжар Ташкенбай мен Махмұдтың Сабырханның кездесулері жұртшылықтың айызын қандырды деп ойлаймын. Өте жоғары дайындықпен барған. Сол сияқты қыздарымыз да қазақ қыздары боксы қай деңгейде екенін көрсете білді. Барлығы жұмыла кірісті. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарды. Ауызбіршілік болды.Сол бар жерде алынбайтын қамал жоқ екенін көрсетті. Қыздарымыз да жеке дара көш бастады. Жеңіліп қалған жігіттер де жақсы дайындықпен барған. Бірақ кейбіріне сәттілік жетіспеді. Біріне төрешілердің шешімі әсер етті. Ертуған Зейнуллинов біз үшін жеңімпаз,-дейді спорт комментаторы.
Боксшыларға қандай сыйақы беріледі?
World Boxing ұйымы жеңімпаз атанған боксшыларға сыйақы тағайындамаған.
Бізде мемлекет тарапынан чемпиондарға 15 мың доллар, екінші орынға 10 мың, 7 мың доллар берілуі керек. Сондай-ақ бокс федерациясы да өз тарапынан қаржылай ынталандырады деп ойлаймын. Себебі бұған дейінгі жарыстардың барлығында да жақсы сый-құрмет көрсетіп келді,-дейді Аслан Қаженов.