«Чемпиондық рух»: Астанада мыңдаған адамның қатысуымен марафон өтті

Бүгін, 17:35 / Дана Ізтілеуова
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Астанада салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты кеңінен насихаттау мақсатында жүгіру марафоны өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

         Марафонды «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» ЖҚ Астана қалалық филиалы «Чемпиондық рух» жобасы аясында өткізді. Аталған жоба ел ішінде спорт мәдениетін дамытуға, белсенді өмір салты арқылы азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталғанын ұйым төрағасы Арсланбек Мағзұм атап өтті. Марафонға 1 000-нан астам қала тұрғыны мен қонақтары қатысты.

«Чемпиондық рух – бұл тек спорт емес, бұл – өмір салтына айналып, азаматтарды ортақ алаңға біріктіретін жоба. Отбасы күні қарсаңында рухтас достармен және қала тұрғындарымен бірге марафонға қатыстық. Осы бастама арқылы отбасы институтын нығайтып, салауатты әдетті күнделікті өмірге енгізуді мақсат етеміз», – деді Арсланбек Мағзұм.

         Жобаның ерекшелігі – жасына, кәсібіне немесе физикалық дайындығына қарамастан, тұрғындарды ортақ құндылықтар төңірегінде тоғыстыруы. Жүгіру қашықтығы кәсіби спортшыларға да, әуесқой қатысушыларға да ыңғайлы болу үшін 4 және 7,6 шақырым болып белгіленді. Көптеген отбасы балаларымен бірге қатысып, мәреге бірге жетті.

«Бүгін ерекше күн болды. Ұлыммен бірге алғаш рет жарысқа шықтық. Бұл – тек спорт емес, бірге өткізген қымбат әрі естен кетпес сәт. Осындай бастамалар отбасылық байланыстарды нығайтуға үлкен ықпал етеді», – деді үш баланың әкесі, елорда тұрғыны Әлихан Мақсатұлы.

         Жарыс соңында барлық қатысушы арасында лототрон арқылы бағалы сыйлықтар ойнатылды. Белсенділік танытқан отбасылар мен үздік қатысушылар марапатталып, жеңімпаздарға смарт-сағаттар мен құлаққаптар табысталды.

         Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба денсаулықты нығайту, отбасы институтын қолдау және азаматтық қоғамды дамыту тұрғысынан аса маңызды. Аз уақыт ішінде түрлі форматта жүзеге асқан «Чемпиондық рух» бастамасы еліміздің көптеген өңірінде өткізілді. Алдағы уақытта Олимпиада чемпиондарымен таңғы жаттығулар, спорттық жарыстар мен мотивациялық кездесулер жалғасын табады.

Тэгтер:

марафон Чемпиондық рух