Немістер Қазақстанда жылына 5 тонна алтын өндірмек
Немістер Қазақстанда жылына 5 тонна алтын өндірмек
Неміс инвесторлар Қазақстаннан алтын іздейді. Aurum Deutschland AG компаниясының үлескер компаниясы «Aurum Deutschland» ЖШС Жамбыл облысы Қордай ауданында тау-кен-металлургия кешені жобасын бастады деп жазады Forbes.kz.
Кен орнынан аталған компания 100 тонна алтын өндірмек.
2016 жылы басталған геологиялық барлау жұмыстарын «Латон-Геосервис» ЖШС бастаған. Барлау жұмыстары 2021 жылға дейін жалғаспақ. Ал биыл жоба бойынша алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесі аяқталады.
2019 жылы тау-кен-металлургия комбинатының құрылысы қолға алынбақ. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін Гагаринское, Шоқпар, Қаратас, Ырғайты, Тасполы, Майбұлак, Шығыс кен орындарынан алтын өндіріле бастайды.
Жоба толығымен іске қосылғаннан кейін жылына 5 тонна алтын, 120 тонна күміс шығарылады. Осының арқасында Aurum Deutschland компаниясы Қазақстанда алтын мен күміс өндірісі бойынша көлемі жағынан үшінші ірі компания болмақ.