Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы Ақтау қаласының прокуроры Ерболат Әбдіровке қатысты «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша істі апелляциялық тәртіпте қайта қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
9 қыркүйекте Әбдіров Алматы әуежайында мас күйінде жанжал шығарып, ұсталғаны және айыппұл салынғаны туралы хабар тарады. Кейін Маңғыстау облысы прокуратурасы оған қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Кейінірек сот Әбдіровтің әрекеттерде құқық бұзушылық жоқ деген қорытынды шығарды. Сотта куәгерлер жанжал болмағанын, оған ешқандай шағымдары жоқ екенін айтты. Сот осы айғақтарды және оның есі дұрыс болғанын растаған сараптаманы ескерді.
Алматы қаласының авиациялық көлік прокуроры Ақтау қаласының мамандандырылған сотының Әбдіровке қатысты істі тоқтату туралы қаулысын апелляцияға берген.
Сот алқасы бірінші сатыдағы соттың прокурордың кінәсіздігі жөніндегі қорытындысын негізсіз деп таныды.
«Апелляциялық қарау барысында 2025 жылғы 27 тамызда сағат 23:00-де Әбдіров Алматы – Астана бағыты бойынша КС-955 рейсіне жолаушыларды тасымалдаған автобустың ішінде адамдарға тіл тигізіп, тиіскені, қоғамдық тәртіпті бұзғаны анықталды. Әбдіровтің кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, куәгерлердің айғақтарымен, әуежай мен полиция қызметкерлерінің актілері және рапорттарымен дәлелденеді», – делінген хабарламада.
Нәтижесінде Әбдіров әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Қаулы заңды күшіне енді.