Ұлттық цифрлық экожүйе: Мәдениет және білімнің жаңа дәуірі

Бүгін, 14:40 / Túrkistan Gazeti

Мемлекет креативті индустрияны дамытуда қазақ тіліндегі сапалы дубляж өндірісін өркендетуге ерекше мән береді. Көркем фильмдер, мультфильмдер, телесериалдар мен анимациялық жобалардың қазақша нұсқалары тілдік ортаны кеңейтіп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды қазіргі заманға сай жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, шетелдік туындыларды жергілікті көрерменге «ұлттық көзқарас» арқылы ұсыну да осының бір көрінісі.

Мемлекет басшысы қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге бағытталған нақты шараларға, оның ішінде білім беру, технология және медиа салаларындағы қазақша контент пен цифрлық өнімдерді әзірлеуге ерекше көңіл бөлуді бірнеше рет атап өтті.

Осыған байланысты ұлттық телекоммуникация операторының TV+ жобасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалар туралы TV+ жобасының контент-директоры Сандуғаш Рахимжановадан толық ақпарат алу мүмкіндігі туды.

– Қазіргі таңда ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект өмірдің әр саласына терең еніп жатқан кезде, ұлттық цифрлық контентті дамытудың мемлекет үшін қандай маңызы бар?

– Ұлттық цифрлық контентті күшейту – елдің ақпараттық қауіпсіздігі мен дербестігінің кепілі. Бұл тек мәдени мәселе емес, сонымен қатар стратегиялық қадам. Себебі жаһандық цифрлық монополияға тәуелді болмай, өзіміздің отандық экожүйемізді қалыптастыру – уақыт талабы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «Цифрландыру мен жасанды интеллект – мемлекеттік саясаттың басым бағыты» деп атап өткен болатын. Сол себепті бұл – жаңа заманның сын-қатерлеріне жауап берудің және ұлттың болашағын айқындайтын басты бағыттардың бірі деуге толық негіз бар.

– TV+ жобасы соңғы уақытта Disney фильмдері мен мультфильмдерін қазақ тіліне дубляждап, шетелдік туындылардың ана тілімізде ұсынылуына маңызды үлес қосып жатыр. Осы әрекетті көрермен сұранысына жауап ретінде қарастыруға бола ма?

– Әрине, бұл тек көрермен сұранысына жауап беру ғана емес, одан да ауқымды мәдени әрі идеологиялық бастама деп айтуға болады. Себебі әлемдік деңгейде мойындалған Disney студиясының туындылары қазақ тілінде сөйлеуі – өскелең ұрпақтың дүниетанымы мен тілдік ортасына тікелей ықпал етеді.

Біз «Арыстан патшаны» қазақша көрген баланың ертең өзінің туған тілін өмірінің табиғи әрі ажырамас бөлігі ретінде қабылдайтынын жақсы түсінеміз. Бұл – ұлттық бірегейлікті нығайтуға, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған жүйелі қадам.

Бұл бастама арқылы біз тек қана фильм көрсетіп отырған жоқпыз. Біз жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды дарытып, болашаққа сенім ұялатамыз. Демек, бұл – елдің стратегиялық мүддесі мен қоғамның рухани сұранысын ұштастыратын маңызды қадам.

Ал көрермен сұранысына келсек, расымен ана тіліндегі контентке сұраныс жыл санап артып келе жатқанын байқаймыз. Мәселен, биыл ең көп қаралған ТОП-100 тайтлдың 44-і қазақ тілінде, ал олардың жиынтық көрермен саны 416 мың бірегей қаралымға жетті. Бұл көрсеткіш – қазақ тіліндегі контент үшін тарихи рекорд. Демек, бұл біз ұсынып отырған мемлекеттік тілдегі сапалы контент қоғамдық сұранысқа да толық жауап беретінін көрсетеді.

– Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты одан ары өрістету бойынша қандай жоспарларыңыз бар?

– Біздің мақсатымыз – қазақ тіліндегі сапалы контентті барынша көбейту және оны халыққа қолжетімді ету. Жыл соңына дейін Disney-дің қазақша дубляждалған фильмдерінің санын 87-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Әлбетте, дубляж ісінің өз қиындықтары да жоқ емес. Ең басты кедергі – кәсіби мамандардың тапшылығы. Дубляж режиссері, актерлер, дыбыс мамандары әлі де аз. Сондықтан алдағы уақытта елімізде бұл салада жаңа кадрларды даярлау ісіне ерекше көңіл бөлінеді деп сенеміз.  

– TV+ жобасының басты ерекшелігі неде? Басқа стримингтік платформалардан айырмашылығы қандай?

– Нарықтағы өзге бәсекелестерден негізгі ерекшелігіміз ретінде тек ойын-сауық, көңіл көтеру бағытындағы контентпен шектеліп қалмай, біртіндеп білім беру саласына да мойын бұра бастағанымызды айтуға болады.  Бұл жоба – біздің әлеуметтік жауапкершілігіміздің бір көрінісі. Өзіңіз ойлаңызшы, Қазақстанда 8 мың мектеп бар екен, онда 4 миллионнан астам оқушы оқиды. Олардың барлығына тең мүмкіндік беру – мемлекеттің негізгі міндеті. Ал бұған қазір заманауи технология мен цифрлық құралдар арқылы қол жеткізуге болады. Мәселен, бұрын қала мектептері мен ауыл мектептерінің білім сапасындағы алшақтық туралы мәселе жиі көтерілетін. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балалардың немесе түрлі себептермен мектепке бара алмайтын оқушылардың оқу бағдарламасынан қалып қою ықтималдылығы жоғары еді. Дәл осы олқылықтарды жою үшін біз «Mektep-online.kz» жобасын іске қостық.Біздің платформада ұсынылып отырған «Mektep-online.kz» жобасы, міне, осындай олқылықтардың орнын толтыруға бағытталады. Біз республика оқушыларына математика, физика, химия, биология сияқты негізгі пәндер бойынша 5536 бейнесабақты қазақ және орыс тілінде ұсынып отырмыз.

Сонымен қатар, платформада жаттығулар, тесттер және әдістемелік нұсқаулықтар ұсынылған. Бұл мұғалімдердің уақытын үнемдеп, сабақтың сапасын арттыруға септігін тигізеді, ал ата-аналарға баласының оқу барысын бақылауға мүмкіндік береді. Ең бастысы платформаны кез келген браузер арқылы қолдануға болады, әрі жоғары жылдамдықты интернет қажет емес.

Осылайша, біз стратегиялық дамуымыздың бір бөлігі ретінде ағартушылыққа басымдық беріп, мәдениет пен білімді бірге дамытатын отандық цифрлық экожүйе құруды көздейміз. Бұл жұмыс алдағы уақытта да белсенді түрде жалғасатын болады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сандуғаш РАХИМЖАНОВА