Астанада бірқатар мекеме жаңа жұмыс кестесіне көшті

Бүгін, 09:20 / Алуа Арман
istockphoto.com

Елордадағы бірқатар мекеме бүгіннен бастап жаңа кесте бойынша жұмыс істей бастады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Енді коммуналдық қызметтер мен әкімдік өз жұмыс күнін сағат 07:30-да бастайды. Кейбір мемлекеттік органдар мен компаниялар сәл кейінірек, бірақ бәрібір әдеттегіден ертерек – 07:30 бен 08:00 аралығында жұмысқа кіріседі. Тиісінше, жұмысты да ертерек аяқтайды. Ал мектептер, ауруханалар мен ХҚКО-лар бұрынғы тәртіппен жұмыс істей береді.

Жұмыс кестесін өзгертудің басты мақсаты – жол кептелісін азайту. Есеп бойынша, елорда көшелеріндегі көлік қозғалысы 15–20 пайызға дейін азаюы мүмкін.

Жұмыс кестесін өзгерту мәселесі Астанада 2025 жылдың наурыз айында қозғалған еді. Маусым айында әкім Жеңіс Қасымбек мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызметтердің жұмысын ертерек бастау нұсқасы қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Бұл бастаманы Мәжіліс те қолдады: депутат Асылбек Нұралин орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жұмыс кестесін өзгертуді ұсынды.

«Таңғы уақыт – өнімдірек, ал жұмысты 07:00 немесе 08:00-де бастау жолдардағы кептелісті азайтады», – деді мәжілісмен.

Тэгтер:

Астана жұмыс кестесі