Елімізде соңғы бес жылда ажырасу 16 пайызға төмендеген

Бүгін, 16:30 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Елде ажырасулардың азаю үрдісі байқалуда. Соңғы бес жылда олардың саны шамамен 16%-ке төмендеген.

Қазақстандықтарды отбасы күнімен құттықтаған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бірқатар мәліметтер келтірді.

"Елімізде отбасы институтының нығайып келе жатқаны қуантады. Социологиялық деректерге сүйенсек, қазақстандықтардың басым бөлігі үшін (85–89%) басты құндылық – ерлі-зайыптылар мен балалар арасындағы өзара сүйіспеншілік, сыйластық пен түсіністік. Дәл осы құндылықтар мықты әрі берекелі отбасының негізін қалайды", - деді министр.

Министр мәліметінше, соңғы бес жылда ажырасу шамамен 16%-ке төмендеді. 2020 жылы – 48,2 мың болса, 2024 жылы – 40,5 мыңға дейін төмендеген.

Бұл ерлі-зайыптылардың жауапкершілігінің артып, отбасын сақтап қалуға ұмтылысын айғақтайды, деді Балаева.

Бұдан басқа отбасы құндылықтарын дамыту бойынша:

2019 жылдан бастап Жоғарғы Сотпен бірлесіп, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттарда "Бақытты отбасы" жобасы жүзеге асырылып келеді;

Неке құрғалы жатқан жұптарға арналған қарым-қатынасты үйлестіруге бағытталған оқыту бағдарламаларына ерекше көңіл бөлінеді;

Ата-ана жауапкершілігін арттырып, бала тәрбиесіне саналы көзқарас қалыптастыруды мақсат еткен "Ата-аналар академиясы" жобасы жұмыс істейді.

Азаматтарды қолдауға отбасы қолдау орталықтары да елеулі үлес қосып отыр. Елімізде 131 орталық жұмыс істейді.