Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отбасы күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Президенттің айтуынша, бұл күн – ұлтты мейірім мен қамқорлыққа, өзара қолдауға және азаматтық жауапкершілікке ұйыстыратын ерекше мереке.
Отбасы – халқымыз үшін қасиетті ұғым. Әр адам, ең алдымен, шаңырақта тұлға ретінде қалыптасады. Отбасында алған тәлім-тәрбиенің арқасында елге еңбекқор, білімді әрі мәдениетті ұрпақ өсіп шығады. Сондықтан біз бәріміз бір ел болып халқымыздың салт-дәстүрі мен қазіргі замандағы озық көзқарасы үйлесім тапқан отбасы құндылықтарын сақтап, оны нығайтып, жан-жақты насихаттауымыз керек, – делінген құттықтауда.
Мемлекет басшысы ата-аналарды ардақтаудың маңызын атап өтіп, аналардың қоғамдағы ерекше орнын, әкелердің еңбегі мен ерлігін қадірлеуге шақырды.
Сондай-ақ, Президент елімізде отбасы құндылықтарын дәріптеу, ана мен бала құқығын қорғау – мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Әр шаңырақта ырыс пен ынтымақ болса, еліміз де дамиды. Бұл – Әділетті әрі Қуатты Қазақстан құрудың негізгі шарты. Сондықтан мемлекет отбасы құндылықтарын кеңінен дәріптеп, ана мен бала құқығын қорғауға айрықша мән береді. Әр шаңырақ бақ-берекеге толсын!, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарға денсаулық пен табыс тіледі.