Астанада күшейтілген рейдтер басталды

Бүгін, 00:29 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Астаналық полиция екі бірдей жедел шара аясында күшейтілген рейдтерге кірісті, деп хабарлайды turkystan.kz әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұған дейін республика бойынша "Құқықтық тәртіп" жедел-алдын алу іс-шарасы басталған болатын. Оған қоса, Астанада "Учаске" атты шара басталды.

Негізгі мақсат – қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және полиция мен халық арасындағы сенімді нығайту.
Рейдтер кезінде есептегі тұлғалар, жалға берілетін пәтерлер мен аңшылық қаруы бар азаматтар тексеріледі.

Ал жол қауіпсіздігін қадағалауға ұлттық ұлан әскери қызметшілері де тартылды. Олар мопед пен самокат мінген жаяу жүргіншілерге, сондай-ақ, көліктерді заңсыз тұраққа қою әрекеттерін анықтайды.

"Бүгінгі іс-шараға шамамен 500-ге жуық ішкі істер органдары қызметкері тартылды. Түнгі сағат 01:00-ге дейін тексерістер жалғасады. Саябақтар мен скверлер сияқты қоғамдық орындар да назарда болады. Сонымен қатар самокат пен мопедті заңсыз жүргізу, автокөліктердегі қатты дыбыс шығаратын глушительдер, жол ережелерін бұзу фактілері анықталады. Әсіресе, жолда жүру ережесін сақтамайтын жаяу жүргіншілерге баса көңіл бөлінеді", – дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полковник Ержан Әділбеков.

Рейдтерге "Астана Жастары" еріктілері де қатысады. Олар қоғамға өз пайдасын тигізгісі келеді.