Мемлекет басшысының жаңа Жолдауын жариялау қарсаңында Президенттің төрағалығымен жасанды интеллект (ЖИ) саласын дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті. Бұл жиында сөйлеген сөзінде Президент қазіргі таңда әлемде жасанды интеллекттің қарқынды дамуына байланысты елеулі технологиялық өзгерістер болып жатқанын атап өтті:
«Бұл технология әлемдегі барлық елдердің дамуына тікелей әсер етеді, онсыз жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Қысқаша айтқанда, озық технологиялар ұлттық тәуелсіздіктің кепіліне, экономикалық өсудің қозғаушы күшіне айналды. Біз жасанды интеллект саласында белгілі бір жетістіктерге қол жеткіздік, алайда босаңсуға болмайды. Бұл стратегиялық бағытта белсенді жұмыс істеу қажет. Бұл істі ең маңызды басымдықтардың бірі деп есептеймін. БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) болжамына сәйкес, 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 4,8 трлн долларға жетуі мүмкін. Ал оның жаһандық технологиялық индустриядағы үлесі 7 пайыздан 29 пайызға дейін ұлғаяды. Бұл – бұрын-соңды болмаған өсім. Жасанды интеллект даму үшін кең мүмкіндіктер ашады».
Шын мәнінде, «жасанды интеллект» ғылым саласы ретінде және сол терминінің өзі алғаш рет 1956 жылы АҚШ-тың Ганновер қаласындағы Дартмут колледжінде өткен жазғы семинарда ресми түрде қолданысқа енді. Аталған семинарды төрт америкалық ғалым – Джон Маккарти, Марвин Мински, Натаниэль Рочестер және Клод Шеннон ұйымдастырған. Сол кезден бастап бұл ұғым соншалықты кең танымалдылыққа ие болды, бүгінде әлемде бұл туралы мүлде естімеген адамдар кемде-кем.
Жолдау барысында Мемлекет басшысы бір ай бұрын айтқан ойын қайта нақтылады: «Алдағы бес жылда Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. Бұл – айқын әрі өзгермейтін мақсат. Біз жасанды интеллекттің әлеуетін толық көлемде пайдалана алатын елге айналуымыз керек», – дей келе, бұл мерзім үш жылға дейін қысқартылып, нақты тапсырмамен толықты: жасанды интеллектті еліміздегі экономикалық реформалардың негізіне айналдыру – стратегиялық міндет ретінде белгіленді. Бірінші қадам ретінде цифрландырудың негізгі бағыттарын айқындайтын Цифрлық кодексті жедел қабылдау қажеттігі айтылды. Бұл құжат жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен деректерді пайдалану және өзге де цифрлық аспектілерді қамтитын болады. Салаға жетекшілік ететін қазіргі уәкілетті министрлік негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылады. Оның басшысы Премьер-Министрдің орынбасары мәртебесіне ие болады.
Президент жасанды интеллектті өскелең ұрпақтың сауатты пайдалануының маңыздылығына ерекше назар аударады. Бұл – еліміздегі цифрлық трансформацияның міндетті шарты әрі адам капиталының шешуші рөлін көрсетеді. Басқаша айтқанда, бізге жоғары сапалы адами ресурстар қажет, өйткені білімді әрі жауапкершілікті азаматтар – ұлттық экономиканың негізі және Қазақстанның болашағы.
Сол себепті Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша инновациялық саясат Ғылым және жоғары білім министрлігінде шоғырланады. Бұл ведомство Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуі тиіс. Әсіресе, жасанды интеллектті дамытуға басымдық беретін университеттерге кеңірек мүмкіндік ұсынылады.
Ресейдің Жоғары экономика мектебі – Ұлттық зерттеу университетінің Статистикалық зерттеулер және білім экономикасы институты ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарында ЖИ-технологияларды зерттеулер мен әзірлемелерде пайдалану тәжірибесіне қатысты статистикалық деректер мен арнайы сауалнама негізінде талдау жүргізді.
2023 жылы Nature журналы жүргізген сауалнама нәтижелері бойынша, жасанды интеллектті өз зерттеулерінде қолданып жүрген ғалымдардың төртен бірінен астамы бұл технология келесі 10 жылда олардың ғылым саласы үшін ажырамас құралға айналады деп күтеді. Тағы 47%-ы оның аса пайдалы болатынына сенімді. Oxford University Press зерттеуіне сәйкес, 2024 жылы жетекші ғылыми журналдарда мақала жариялаған ғалымдардың 75%-ы түрлі ЖИ құралдарын қолданған. Атап айтқанда, 49%-ы – машиналық аударма сервистерін, 43%-ы – чат-боттарды, 25%-ы – іздеу жүйелерін пайдаланған. Респонденттердің пікірінше, ЖИ шешімдері ғылыми зерттеудің барлық кезеңдерінде және түрлі тапсырмалар үшін пайдалы. 41%-ы – әдебиеттерді іздеу үшін, шамамен 35%-ы – әдебиеттерді қорытындылау және/немесе мәтін өңдеуге (мысалы, мақала қолжазбасын өңдеу), 25%-ы – идея генерациясы, деректерді жинау және/немесе талдау үшін пайдаланған.
Ресейде де ғылым саласында ЖИ-ді енгізу үдерісі үдей түсуде. 2023 жылы ғылыми ұйымдардың шамамен 5%-ы, ал жоғары оқу орындарының 10%-ға жуығы жасанды интеллектті өз мақсаттарына қолданған. Алайда бұл деректер нақты жағдайды толық көрсете бермейді, өйткені олар тек ұйымдардың өз тәжірибесін сипаттайды, ал жеке қызметкерлердің пайдалануы есепке алынбайды. Алдағы уақытта ЖИ-дің ғылым мен жоғары білім саласында қолданылу ауқымы кеңейеді деп күтілуде. Жауап берген ұйымдардың жартысы болашақта бұл технологияны кеңінен қолдануға мүдделі екенін білдірген. Сонымен қатар, ЖИ-ді қолданып жүрген ресейлік ғылыми ұйымдардың 25%-ы және жоғары оқу орындарының 38%-ы бұл технология ғылымдағы ішкі үдерістерді түбегейлі өзгертеді деп есептейді. Олардың ішінде интеллектуалды шешім қабылдауды қолдау технологиялары (33%) ең перспективалы бағыт ретінде аталған.
Елімізде жасанды интеллект саласында AI-Sana оқыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – студенттердің жасанды интеллект бойынша біліктілігін арттыру. Мемлекет басшысы бұл бағдарламаның қолдану аясын барынша кеңейту орынды екенін еске салды. Жасанды интеллект бойынша оқытушылар мен оқушылардың білім деңгейін көтеру – салалық министрліктің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Сонымен қатар, инвестициялар мен таланттар үшін тартымды экожүйе қалыптастыру қажет. Өткен жылы жаһандық деңгейде жасанды интеллект саласындағы стартаптарға салынған инвестиция көлемі шамамен 100 миллиард долларды құрады. Бұл – әлемдегі барлық венчурлік инвестициялардың үштен бірінен астамы. 2023 жылмен салыстырғанда ИИ-жобаларды қаржыландыру шамамен 80%-ға артқан. Осылайша, жасанды интеллект саласындағы таланттар мен идеялар үшін күрес едәуір күшейіп отыр.
Бүгінде негізгі инвестициялық ағындар АҚШ, Еуропалық Одақ елдері және Қытайдан келеді. Алайда бұл қаражат экожүйе қалыптасқан жерлерге ғана бағытталады: инфрақұрылымға, қолдау жүйесіне, заңнамалық реттеуге және нарықтарға қолжетімділік бар жерлерге. Ақша тек қолайлы жағдай бар жерге келеді.
Биыл жазда Мемлекет басшысы еліміздегі жасанды интеллект саласындағы бірқатар қазақстандық стартаптардың жұмысымен танысты. Президент олардың кейбірі болашақта «единорог» стартаптарына айналуы мүмкін екенін атап өтті. Бізде дарынды жастар бар, олар елге адал және патриоттық көзқараста, дегенмен кейбірі шетелде жұмыс істеуде. Мұндай таланттарды мемлекет қолдауы тиіс Өзінің Жолдауында Президент талантты зерттеушілерді қолдау бойынша мемлекет тарапынан қосымша шаралар қабылдау қажеттігін ерекше атап өтті:
«Білікті отандық мамандарды елге қайтарудың тиімді тетіктерін әзірлеп, енгізу қажет. Кадрлық қажеттіліктерді өтеу үшін көші-қон саясатын қайта бейімдеу керек. Ұлтына қарамастан, ел дамуына үлес қоса алатын білікті мамандарды шетелден тарту маңызды. Олар Қазақстанда қалуы үшін барлық жағдай жасалуы қажет. Өйткені бізге ең алдымен техникалық мамандықтар бойынша өз ісінің нағыз шеберлері – жоғары білікті кадрлар аса қажет.»
Шәукенова Зарема,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Ұлттық сарапшылар кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, академик