Айбек Оралбай Ла Крусты жеңіп, финалға жолдама алды

Бүгін, 11:02 / Нұрлан Әлинұр
ҚБФ

Англияның Ливерпуль қаласында өтіп жатқан бокстан 2025 жылғы әлем чемпионатында қазақстандық боксшы Айбек Оралбай жартылай финалда тарихи жеңіске қол жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

90 килограмнан жоғары салмақ дәрежесінде ол Кубаның даңқты өкілі, екі мәрте олимпиада чемпионы әрі бес дүркін әлем чемпионы Хулио Сесар Ла Круспен кездесіп, сенсациялық жеңіске жетті. Тартысты жекпе-жекте Оралбай үшінші раундта нокдаунға түскеніне қарамастан, табандылық танытып, қарсыласын төрешілер шешімімен ұтты.

Осы нәтиженің арқасында Айбек Оралбай әлем чемпионатының финалына шықты және алтын медаль үшін бақ сынайды. Ал фаворит саналған Ла Крус жарысты күтпеген жерден тек қола жүлдемен аяқтады.

Қазақстандық боксшы ақтық сында Өзбекстан спортшысы Жахонгир Закировпен кездеседі.

Айта кетейік, Оралбайдың бұған дейінгі ең ірі жетістігі Азия чемпионаттарындағы екі алтын медаль болатын.