Қостанай облысында діни алауыздықты қоздырған тұрғын ұсталды

Бүгін, 17:45 / Інжу Әлихан
Қостанай облыстық ПД

Қостанай облысында діни негізде азаматтардың артықшылығын насихаттаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданының 42 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол әлеуметтік желілерде азаматтардың діни көзқарасына қарай олардың «артықшылығы мен үстемдігін» насихаттайтын материалдар таратқан деген күдікке ілінді.

Оперативтік іс-шара барысында облыстық прокуратураның қатысуымен Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы және ҰҚК қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады.

Тергеу мәліметінше, ер адам «Telegram» мессенджері арқылы арандатушылық сипаттағы материалдар жариялап отырған. Оның радикалды көзқарастары төзімділік пен өзара құрмет қағидаттарына қайшы келетіні атап өтілді.

Жиналған дәлелдер мен дінтанулық сараптама қорытындысына сүйене отырып, оған қатысты Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Тэгтер:

Қостанай облысы