Тұмау неліктен қарт адамдарға аса қауіпті?

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Ұлыбритания мен Қытай ғалымдары қарт адамдардың тұмауды неге ауыр өткеретінін түсіндірді. Ноттингем университеті бастаған зерттеу нәтижелері PNAS журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мамандардың айтуынша, басты рөлді аполипопротеин D (ApoD) деп аталатын ақуыз атқарады. Ол май алмасу мен қабыну процесін реттейді. Зерттеу көрсеткендей, жас ұлғайған сайын бұл ақуыздың өкпедегі мөлшері күрт көбейеді. Ал оның артық болуы иммундық жүйенің вирусқа қарсы күресу қабілетін әлсіретеді.

Тәжірибелер қартайған тышқандар мен донорлық тіндерде жүргізілді. Нәтижесінде ApoD митохондриялардың жұмысын бұзатыны анықталды. Бұл жасушалардың энергия өндіру және қорғаныс сигналдарын іске қосу мүмкіндігін азайтады. Салдарынан вирус жылдамырақ көбейіп, өкпе тіндері қатты зақымданады.

Сонымен қатар ApoD бірінші типті интерферондардың әсерін әлсіретеді. Бұл – ағзаның вирусқа қарсы негізгі қорғаныс механизмі. Нәтижесінде иммундық жауап әлсіреп, қабыну күшейеді, ал тұмауды өткеру ауырлай түседі. Сондықтан тұмау қарт адамдарға қауіпті болуы мүмкін.

Зерттеушілер ApoD-ті жаңа дәрілер үшін перспективалы нысана деп санайды. Егер оның артық белсенділігін тежейтін немесе өндірілуін азайтатын препараттар жасалса, егде жастағы адамдардағы тұмаудың ауыр асқынуларының алдын алуға болады. Бұл бүкіл әлемде халықтың қартаюына және денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеменің артуына байланысты ерекше маңызды.

Тэгтер:

Тұмау қарт қауіп