Қазақстандағы жоғары дәрежедегі өнер ұжымдарының бірі – «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі. Оның құрылғанына биыл 70 жыл толып отыр. Соған орай ансамбльдің директоры Елубай Кенжалиевпен кездесіп, шетелге аты белгілі ансамбльдің жеткен жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы әңгімелескен едік.
Ансамбльге ғұмырын
арнаған жандар туралы кітап жазуға болады
– Елубай Мұхамбетұлы, сіздің «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің басшылығына келгеніңізге үш жылдай уақыт болыпты. Ал биыл сіз басқарып отырған өнер ұжымының құрылғанына 70 жыл толып отыр. Сондықтан әңгімеміздің басын «Салтанат» ансамблінің жүріп өткен жолына шолудан бастасақ.
– Әрине, 70 жыл деген де халыққа танымал өнер ұжымы үшін белгілі бір белес. Сондықтан алдымен «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің тарихын қысқаша шолып өтсек: ансамбль 1955 жылы Қазақ КСР халық әртісі, Украина КСР-на еңбегі сіңген әртісі Чернышева Лидия Демьяновнаның басшылығымен құрылған. Алғашқы ұжым Алматы және Киев консерваторияларының, Ленинград және Алматы музыкалық училищелерінің жас түлектерінен құралған. Сол кездегі талап тұрғысынан ансамбль ұжымы ән салып, би билеп, бейбітшілік, достық және ұлттар бірлігін насихаттау бағытында жұмыс істеді.
Кеңестік кезеңнің саясатында ұлттар достығы, интернационализм идеологиясы басты бағыт болды ғой, сондықтан «Салтанат» ансамблі де қазақ елінің өнер ұжымы саналғанымен оның репертуары еліміздегі түрлі ұлттың билерін насихаттауға құрылды. Сол талаптың үдесінен шыққан, кәсіби біліктілігі жоғары ансамбль алғашқы жылдардың өзінде-ақ өз бағдарламаларымен әртүрлі фестивальдар мен конкурстарға қатысып, көзге түсе бастады. Соның бір көрінісі – ансамбльдің Мәскеу қаласы студенттер мен жастардың Дүниежүзілік фестивалінің жеңімпазы және Дүниежүзілік фестивалінің лауреаты атағын жеңіп алуы. Сондай-ақ 1998 жылы Пусан қаласында (Оңтүстік Корея) өткен 19 елдің өнерпаздары қатысқан дүниежүзілік би фестивалінде «Салтанат» ансамблі лауреат атануы да оның деңгейінің қандай екенін көрсетсе керек.
Құрылғанына 12 жыл толғанда жоғары орындаушылық шеберлігі және музыкалық, вокалдық және хореографиялық өнерді дамытуда сіңірген үлкен еңбектері үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төрағасының Жарлығымен ансамбльге ел мәдениетіне «Еңбек сіңірген» құрметті атағы берілді. Бұл аз ғана уақыттың ішінде жеткен табыс деуге болады. Өйткені ол кезде өнер ұжымының мемлекеттік наградаға қол жеткізуі үлкен жетістік саналатын.
Өз тарихында «Салтанат» ансамблі бірнеше рет қайта құрылып, өнер ұжымының сипаты өзгеріп отырған. Мысалы, 1967 жылы ансамбль жанынан оркестр және хор ашылды, сөйтіп «Салтанат» ән-би ансамбліне айналған еді. Сөйтіп, ансамбль хордың жанды даусына, оркестрдің сүйемелдеуіне билеп, жаңаша тұрпаттағы өнер ұжымы қалыптасқан-ды. Бірақ 1989 жылы оркестр мен хор жабылып, өнер ұжымының мәртебесі өзгеріп, қайтадан бірыңғай би ансамбліне айналды. Шынына келгенде, көрерменге жанды музыкаға билеудің әсері мол ғой.
Әрине, қандай өнер ұжымы болса да тарихы, қалыптасқан дәстүрі, бағыты болады. Бірақ өнер дәуір талабымен жаңғырып, жаңарып отырмаса тоқырауға ұшырайды. Сондықтан өзім басшылыққа келгелі бері ансамбльдің репертуарын қайта қарап, барды дамытып, жаңаны қосуға әрекет жасап жатырмын.
– Ансамбльдің жоғары дәрежеде өнер көрсететін ұжымға айналуына үлес қосқан майталман өнерпаздар кімдер?
– Қандай өнер ұжымы болса да оның биік дәрежеге көтерілуіне белгілі бір тұлғалардың жанкешті еңбегі әсерін тигізеді. Ондай жандар бар қажыр-қайратын жұмсап, бойдағы бар талантын арнау арқылы өнердің көшін алға сүйрейді. «Салтанаттың» да өз дәстүрі қалыптасып, қазіргі деңгейге жетуіне Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, қазақ балет әртісі және педагог, профессор Зәуірбек Райбаевтың сіңірген еңбегі зор дер едім. Ол кісі 1970-1986 жылдар аралығында Қазақ КСР Мемлекеттік ән және би ансамблінің көркемдік жетекшісі, бас балетмейстері және директоры қызметін атқарған тұста КСРО халықтарының көптеген биін қойып, еліміз көрерменді түрлі ұлттың өнерімен таныстырды, сол арқылы ансамбльдің кәсіби біліктілігін көтеріп, танымал етті. Сол кісінің тұсында Қазақстан Республикасының «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі қайта құрылды. Ол ағамыздың қазақ би өнерін дамытуға махаббаты ерекше еді. Көзі тірісінде бізге ақыл-кеңесін айтуға, қолдан келген көмегін беруге жалықпайтын. Ол кісі «Аса таяқ», «Қосалқа», «Биші қайың», «Шолпы» секілді керемет билерді қою арқылы осы өнердің өрісін кеңейтті дер едім.
Сол сияқты, «Салтанат» ансамбліне балетмейстер ретінде зор еңбек сіңіріп, көптеген биді қойған Қазақстанның халық әртісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, хореография профессоры Дәурен Тастанбекұлы Әбіровтің еңбегін де ерекше атап өтсек дұрыс болады.
Сол сияқты 30 жылға жуық ансамбльдің көркемдік жетекшісі болған биші, балетмейстер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Гүлсәуле Орумбаеваның және қазіргі көркемдік жетекшіміз, көптеген халықаралық конкурстың лауреаты Қуанышбек Төлегеннің де «Салтанат» ансамблінің деңгейін көтеру үшін сіңірген еңбегі көп.
Жалпы, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Болгария, Италия, Түркия, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея елдерінде өнер көрсетіп, қалың көрерменді өнерімен тамсандырған «Салтанат» би ансамбліне ғұмырын арнаған жандар туралы арнайы кітап жазса артық емес.
– Сіз басқарып отырған аты белгілі өнер ұжымының, жоғарыда өзіңіз айтып кеткендей, о баста түрлі халықтардың, оның ішінде Кеңес одағы халықтарының билерін насихаттау бағытында құрылғаны белгілі. Бүгінде ансамбльде қазақ би өнерін дамытуға қандай талпыныстар бар?
– Кең тұрғыдан алғанда, би өнеріне әлемдегі барлық халықтың үлесі бар деп айтар едім. Тіпті, ұлттық биі қалыптасқан, сол арқылы өнері дүниеге танылған ұлттар да бар. Ол – өнердің бүкілхалықтық сипат алуы. Қазақта да би өнерінің өз орны бар. Бізде «Қамажай» секілді қыздар орындайтын би түрі және кейінгі дәуірде бүкіл халыққа танымал болған «Қаражорға» биі бар. Әрине, әркім әртүрлі айтады, біреулер «Қаражорға» қазақтың биі емес, буын биі қазақта болмаған дейді, енді біреулер бұл би бұрын бар қазаққа танымал болған, кейін ұмытылып барып қайта жаңғырды деп жатады. Десек те, біздің билердің жалпылық мәні, яғни бәрі білуі тұрғысынан алғанда Хорезм халық биі «Ләзгінің», кавказ халықтарының «Лезгинка» биі деңгейіне жетпегенін мойындау да керек. Қазақ өнері көбіне интеллектуалдық бағытта қатты дамығандықтан бізде жыр-терме, ән, күй, айтыс өнері өте танымал, ал биіміз олардың деңгейіне жете қоймаған. Әйткенмен, би өнерінен құр алақан қалған ел емеспіз. Біздегі билер көбіне композиялық қалыпта жасалған. Сюжетті билер. Биші, педагог, Қазақстанның халық артисі Шара Жиенқұлова секілді қазақ би өнерінің корифейлерінің шығармашылығы қазақта би болмаған деген таяз пікірді жоққа шығарып қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтерді.
Енді сұрағыңызға нақты жауап беретін болсам, мен осы ансамбльге келгенде мұнда қазақ биінің кенжелеп қалғанын сездім. Құрылғанына 70 жыл болып отырған ұжымның ұзақ жолында әртүрлі кезеңдер бар ғой, әр дәуірде әртүрлі қалыптасты дегендей. Сондықтан біз бүгінде қазақ билеріне көбірек мән беріп отырмыз. Репертуарымыздағы қазақ билерінің санын арттырып, соларды көрсету үшін ел аралап, концерт беріп жатырмыз. Былтыр Ресейдің Санкт-Петербург қаласына барып концерт қойдық. Өзіміздің Қостанай, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау облыстарына, Алматы қаласына концерт бердік. Ел аралағанда тек концерт қоюмен шектелмей, би өнерімен айналысып жүрген ұжымдарға шебердік сабақтарын өткіздік. Енді биыл министрліктің қол қойып бекітуімен Астана қаласына, Солтүстік Қазақстан облысына гастрольге шығу жоспарда тұр.
Облыс әкімдеріне хат жазып жүрмін...
– Белгілі өнер ұжымының халықпен тікелей жүздесуінің әсері мол ғой. Сондықтан өнер арқылы ағартушылық жұмыстарын жүргізу де қажет шығар?
– Дұрыс айтасыз, өнерді жай көрсету бір бөлек те, оны насихаттаудың жөні бір бөлек. Сондықтан әрқашан екеуін де қатар алып жүрудің пайдасы мол.
Ансамбліміздің 70 жылдығына орай «Би керуені» деген арнаулы жоба жасадық. Соны ел аралап көрсету үшін облыс әкімдеріне хат жазып едік, солардың ішінде Түркістан облысының әкімі мен Шымкент қаласының әкімі келісім берді. Екі қалаға биыл маусым айында бардық. Олар біздің шығындарымызды (өнерпаздардың жолына, тамағы, жатын орнына кететін қаражатты) көтеріп, көп көмек көрсетті. Солармен бірлесе отырып, «Заң және тәртіп аясында» деген форум өткіздік. Түркістан жастарын жинап, әлемге белгілі әншіміз Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «Тау ішінде» әніне флешмоб жасадық. Одан соң Мемлекеттік рәміздер күніне орай көрермендерді жинап Мемлекеттік әнұранды орындадық. Сосын біздің мамандар Түркістан қаласындағы, облыстың аудан-ауылдарындағы хореографтарынан, бишілерінен, клуб меңгерушілерінен 300-дей өнерпаз жастарды жинап, үш тақырыпта тегін шеберлік сабағын өткізді. Онда бүгінгі қазақ биінің проблемалары, би ұжымдарында концерттік бағдарламаларды жасау секілді мәселелер қамтылды. Бұл олардың өз өнерін өрістетуіне құлшыныс тудыратыны анық. Бұл шаралардан соң кешкісін халыққа тегін концерт қойдық.
Сонымен бірге Шымкент қаласының Қызғалдақ сарайында да «Би керуені» концертін халыққа тегін қойдық. 2 000 адамдық зал көрерменге толды. Оған жиналған шымкентік 200-дей бишіге шеберлік сабағын бердік. Концерттің соңында көрермендер тік тұрып қол соққанда еңбегіміздің елге ұнағанына риза болдық.
– Өзге облыстармен байланыстарыңыз қалай?
– Мен көптеген облыс әкімшілігіне сіздердің облыстарыңызға барып концерт берсек, жергілікті бишілерге шеберлік сабағын өткізіп, қазақ би өнерінің дамуына үлес қоссақ, халықпен жүздессек деген ұсыныспен хат жаздым. Бірақ олардың көбі «жоспарда жоқ» деп жауап берумен шектелді. Бірен-сараны келесі жылға қалдырайық деп жатыр. Бұл орайда бізге қолдау білдірген Түркістан облысының, Шымкент қаласының әкімдігіне алғыс айтамын. Солардың арқасында біз халыққа таза би өнерін насихаттауға мүмкіндік алдық.
Адамда түсінік, талғам неден пайда болады? Әрине, деңгейі биік өнерпаздардың еңбегін өз көзімен көріп, өз құлағымен естігеннен пайда болады. «Қайық білмегенін кемеден сұрайды, халық білмегенін көнеден сұрайды» демекші, кәсіби өнерден тәлім алғандар күні ертең өзгеге үйретеді. Сөйтіп, өнер ел ішінде қанатын кеңге жая береді.
Сонымен бірге маусым айында Ақтөбе облысы әкімі Асхат Шахаровтың қабылдауында болып едім, ол кісі ұсынысымды қабылдады. Бұйырса, осы айдың 22-сі күні Ақтөбе жұртымен кездесіп, «Би керуенін» қоямыз. Оның бәрі қаражатқа келіп тіреледі ғой, бірақ өнерге жанашыр, түсінігі мол ел басқарып отырған азаматтар соның шешімін тапқанына ризалық білдіремін.
Алдағы айда, қазанның бесінде, бұйырса, Тараз қаласына барғалы отырмыз. Концерт қоюға залды тегін беріп отыр.
Тағы бір айта кететін нәрсе, өткен жылы Астана өткен 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойынында да, сол жаққа барып бір ай жатып, дайындалып, замануи форматта жарықтардың үйлесімімен өнер көрсеттік.
«Мынау шынымен «Салтанат» па?» деп сұрайды
– Өзге елдердің би ұжымдарымен, мамандарымен тәжірибе алмасу, үйрену жағы қалай? Өнерде бір елдің бір елден алатыны, үйренетіні де аз болмаса керек?
– Иә, ол да назарда болатын нәрсе ғой, өнерде өзара байланыстың берері мол. Өйткені адамзат қоғамының дамуы бір-бірінен үйрену мен бір-біріне үйретуден тұрады. Біз де осы жағына мән береміз.
Біз кейінгі кезде өзге елдердің балетмейстерлерімен жұмыс істедік. Биді әр елдің биінің өз маманы келіп үйреткенінің пайдасы көп. Мәселен, бізге өзбек елінің опера театрының көркемдік жетекшісі келіп, өзбек билерін үйретті. Мен осы жерге келгенде байқағаным, ансамбль репертуарындағы өзге елдің билерін қойған қазақстандық мамандар. Ондайдың олқылығы болмай тұрмайды. Ал біз мемлекеттік ансамбль болғандықтан қай елдің биін көрсетсек те оны өз дәрежесінде игеріп барып көрсетуіміз керек. Ол үшін нағыз мамандармен жұмыс істеуіміз қажет. Сондықтан біз өзіміздегі мамандармен ойласа отырып, өзге елдің мамандарын шақыртып жұмыс істеуді ұйғардық. Демек, репертуарымызға өзбек биін алу керек пе, өзбек маманын, тәжік биін аламыз ба, тәжік маманын алдыру керек деп шешіп, соларды алдырдық. Олар өз қойылымын музыкасымен алып келіп үйретті. Сонымен бірге биге қажетті киім үлгілерін әкеліп көрсетті. Әрине, бұл ансамбльдің ішкі жұмысы болғандықтан, оған қажет қаражатты өзіміз таптық. Сөйтіп, өзбек, тәжік елдерімен меморандум жасадық. Олар бізге өз билерін, біз оларға қазақ биін үйретуге келісім жасастық.
Тәжік биін қоярда олар бізге ішінен таңдап алуға биге қажет 28 музыка жіберді. Тәжік биіне арналған музыкалар ойнақы болғанымен, көбінің ырғағы жай екен. Ал бізге жігерлі, мерекелік көңіл күйге арналған саз керек. Сөйтіп, музыка таңдап, одан соң тәжік елінен хореографиялық оқу орнының директоры болып істейтін би өнерінің шебер маманы келіп, біздің өнерпаздарға тәжік биін үйретті.
Одан соң Хорезм халық биі «Ләзгі» үйрену үшін де өз маманын шақырттық. Оны ерлер мен қыздар бірге орындайды. Өте күрделі би. Мәселен, ол биде қыз баланың шыр көбелек айналатын жері бар ғой, соны тоқтамастан 83 рет қайталайды екен. Оны және музыканың ырғағы жиілеген сайын тездете түседі. Билеуді айтасың, оған қарап тұрған адамның миы айналады. Сол биді біз Almaty Theatre-да қойғанда, көремендер делебесі қозып, ысқырып, шулап, өте күшті әсермен қабылдады. Тіпті, «мына биді көрсетіп жатқан расымен де «Салтанат» ансамблі ме?» деп таң қалғандар болды. Одан соң тәжік биін көрсеткенде де халықтың ықыласында шек болмады. Сосын жалпы билейтін ұйғыр биін де көрсеттік, оны көрермен жақсы қабылдады. Ол биді де хореографиялық колледжде істейтін, би өнерінің маманы келіп үйреткен болатын.
– Биді сахнаға шығару өз-өзінен бола қоймайтын шаруа ғой, оны қоюға арнайы мамандарды шақыру, билерге арналған костюм дайындауға да біраз қаражат керек шығар?
– Әрине, би қою тек музыкаға ілесіп билеп шығу емес, оны сахнаға шығару үшін арнайы костюм керек. Министрлік бізге бір жылға екі би костюмін тігуге қаражат бөледі, бірақ біз бір жылда екі биді ғана репертуарымызға енгізіп қарап отырмаймыз ғой, сондықтан өзіміз қойып жатқан көптеген биге арналған костюмді тіктіруге өзіміз қаражат табамыз. Әйтпесе, мемлекеттің берген қаржысын екі биге жұмсап отыра берсең де саған ешкім ештеңе демейді. Бірақ өнер ұжымының дамуы, кәсіби біліктілігінің арта түсуі үшін ізденіс керек, өзің басқарып отырған ұжымның абыройы үшін еңбектену қажет.
Заман ағымынан қалмау үшін үздіксіз ізденіп, талаптанбасаң артта қалып қоясың. Ал «Салтанат» секілді мемлекеттік өнер ұжымының репертуары бай болмаса болмайды. Сондықтан біз кейінгі кезде Азия халықтарының билерін сахналадық. Бұрын ансамблімізде Еуропа халықтарының биіне басымдық берілсе, енді Азия билеріне көп назар аударылып жатыр. Сол үшін де репертуарымызды өзбек, тәжік, ұйғыр, моңғол, татар билерімен толықтырдық.
Елді халтураға үйретсең,
талғамы төмендейді
– Ансамбльде музыка жағынан қандай өзгеріс, жаңалық бар?
– Биыл наурыз айында Алматы қаласында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның өзі келіп қатысқан жиын болды. Сонда би ансамблінің оркестрдің сүйемелдеуімен билеу қажеттігі жайында мәселе көтердік. Өйткені әлемдік стандартқа сай би ансамбльдері қойылымдарын өз оркестрімен біріге орындайды. Бұрын біздің ансамбльде ондай оркестр, хор болған, кейін жабылып қалған. Ол кезде «Салтанат» мемлекеттік ән-би ансамблі деп аталған. Хор мен оркестр таратылғаннан кейін тек би өнері ұжымына айналған ғой.
Министрге рахмет, біздің ұсынысымызға қолдау білдіріп, «Салтанаттың» жанынан 18 адамнан тұратын фольклорлық ансамбль ашылып, оған консерватория бітірген жастардың арасынан мықтыларын таңдап алдық. Фольклорлық ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Серік Зәкәрия. Серік – өзі композитор жігіт. Жақында «Айдай сұлу» деген композиция шығарды, оған «Салтанаттың» көркемдік жетекшісі Қуанышбек Төлеген арнайы би қойды. Бұл композитор мен балетмейстердің шығармашылық одағы жақсы нәтиже көрсете бастады деген сөз. Бұдан басқа Серік «Салтанаттың» репертуарында бұрыннан келе жатқан билердің музыкасының партитураларын жазып шықты. Фольклорлық ансамбльде әнші де бар.
Әрине, бұрын дайын музыкамен билеп келген бишілерге үнінен қазақтың сазы есіп тұрған фольклорлық ансамбльге қосылып өнер көрсету оңай емес, оған шыдам, ізденіс, шеберлік керек. Бірақ жанды музыкамен сахнада өнер көрсетудің табиғи сұлулығына жетер не бар? Ол тамаша гармония ғой!
– Елімізде, жалпы алғанда, мәдениет пен өнерді қолдауға көңіліңіз тола ма?
– Мәдениетті қолдамаса болмайды ғой, нағыз өнер той-томалаққа барып күн көрмейді. Елді халтураға үйретсең, талғамы өшеді. Талғамның төмендеуінен жаман нәрсе жоқ. Жақсы мен жаманды айыра білуге талғам қажет. Сондықтан биік өнер белгілі бір концерттер шеңберінде қалмай, елге кеңінен таралып, халыққа танылу қажет. Ол тек мемлекеттің қолдауымен жүзеге асатын іс.
Мемлекет басшысының кешегі Жолдауынан көп үміт күтемін. Онда айтылған «Өнер адамдары еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін шетелге паш етіп жатыр. Бұл – құрметке лайық жұмыс. Сондықтан мәдениет қайраткерлеріне қажетті қолдауды көрсетеміз» деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі біздің саламыздағы көптеген проблеманың оң шешіміне үлкен әсерін тигізеді деп ойлаймын. Бұл сөзді жеңіл-желпі түсінуге болмайды. Ол той-томалаққа барып, фонограммамен ән салып жүрген әуесқойлар жөнінде емес, ұлттық мәдениетті көтеріп жүрген кәсіби ұжымдарға қатысты айтылған сөз деп ойлаймын.
– Кәсіби өнерді дамыту үшін алда қандай жұмыстар атқарылуын қалар едіңіз? Өнер ұжымдарының, оның ішінде өзіңіз басқарып отырған «Салтанат» мемлекеттік би ансамбліне қатысты қандай проблемалар бар?
– Өнер – кәсіби түрде дамыса ғана өнер. Жұрттың назарын тез тартып алатын жеңіл әуендерге құрылған әндер, тойларда орындалатын қимыл-қозғалысы шала-шарпы билер жұртты тез жалықтырады да, өнерге деген селқостықтың пайда болуына әкеп соғады. Шын өнер үлкен ізденіспен, көп тер төгумен жасалады. Сондықтан сауатты азаматтар осы мәселені жадынан шығармаса екен деймін.
Өнер қаржылық қиындыққа тәуелді болмаса, оған жеткілікті назар аударылып, мемлекет тиісті қамқорлық жасап отырса, өнерпаздардың еңбегі лайықты бағаланса екен дейсің. Өзге елдерге барғанда көріп жүрміз, біз секілді мемлекеттік өнер ұжымдарының көбінің өз ғимараты бар, өз оркестріне ие. Бізде де сондай болса деп армандайсың. Мәселен, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры, Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры өз ғимаратында отыр. Олар да біз секілді өзге бір ұжымның қолтығында қысылып отырса қалай болар еді? Әрине, олардың бәрі ұлттық өнеріміздің бір-бір шыңдары. Ал олармен мәртебесі тең болмаса да, маңызы жағынан бір саланың беткеұстары, ұлттық би өнерінің басты ұжымы «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің өз ғимараты жоқ. Концертке баратын болсақ, мініп баратын жеке автобусымыз жоқ, киімдерімізді таксиге салып алып жүреміз. 130 адам жұмыс істейтін үлкен өнер ұжымында мемлекеттік награда алғандардың санын айтуға да ұяламыз... Бірақ солай да болса, жағдайымыз осындай екен деп қол қусырып отырған жоқпыз. Мемлекет берген қаражатқа ғана иек артпай, өз бетімізше әрекет етіп жатырмыз. Соның арқасында біраз жетістікке де қол жеткізіп келеміз. Бұйырса, алдағы уақытты біз айтқан мәселелер шешімін тауып, өнерімізді одан әрі өрістете береміз деп үміттенемін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан –
Ахмет ӨМІРЗАҚ