Табанды еңбек табысқа жетелейді

Бүгін, 13:44 / Túrkіstan International Political Weekly

Биылғы Жұмысшы мамандықтар жылы – тек атаулы жыл емес, сан жылдар бойы көп еленбей келген қарапайым еңбек адамдарына деген шынайы құрметтің белгісі. Бұл бастама жұмысшыларды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және өз ісіне берілген нағыз мамандарды насихаттауды көздейді. Бұл орайда Ақтөбе облысында әр салада жемісті қызмет етіп, жетістікке жеткен еңбек адамдары көп. 

Жанар – мал дәрігері

Сондай жандардың бірі – Ақтөбе об­лысы Мұғалжар ауданы Қайыңды ауылы­ның тұрғыны Жанар Уәлиева. Ол 20 жылдан бері ветеринария саласында жемісті қызмет етіп келеді. 

– Мен қазіргі Мұғалжар ауданының Темір­көпір стансасында тудым. 1986 жылы По­беда кеңшарында 8 жылдық мектепті бі­ті­ріп, Темір қаласындағы техникумға оқу­ға түстім. Оны 1990 жылы аяқтап, еңбек жо­лын ең алғаш Победа кеңшарында мал дәрі­гері болып бастадым. Араға бір жыл са­лып, осы ауданға қарасты Қайыңды ауы­лына келін болып түстім. Ол кезде жол­да­сым Құрақбай жылқышы еді. Содан отба­сымызбен 1991-2000 жыл­дар аралығында жылқы бағып, шаруа­шылықта еңбек еттік. 5-6 жылдай үйде жұ­мы­ссыз отырдым. Кейін 2006 жылы Қайың­­ды ауылдық округінің орталығына кө­шіп келіп, ветеринарлық пунктке мал дәрі­гері болып жұмысқа ор­на­ластым. Міне, со­дан бері бүгінге дейін мал дәрігерімін. Он жыл­дан бері Қайыңды ауылдық округінде ве­теринарлық пункттің меңгерушісімін. Жол­дасым да көп жылдан бері осы салада жұмыс істейді, – дейді ол.  

Оның айтуынша, қазір ауылдық жер­лерде мал дәрігері жетіспейді. Оған жас­тар­дың бұл саланы таңдамауы мен елді мекен­дер­де жас мамандарға қолайлы жағдайдың жа­салмауы себеп болып отыр.  
Кейіпкеріміз көп жылдан бері ауылдағы үйлерді аралап, ауырған малды емдейді, қан ала­ды, мал төлдету кезінде көмек сұраған­дар­ға қол ұшын береді. Тіпті, ондай кезде күні бойы жұмыста жүретін кездері де болады екен. Қай жұмыстың да өз қиын­ды­ғы бар емес пе? Дегенмен әйел адамның ауру малды күтіп-баптап, одан қалса төрт тү­лікті сырғалауы көп күш пен қайсар­лық­ты талап етері анық. Ондай кезде Жанар Уәлиева көмекке жолдасын шақырады. 

– Қазір ауылымыздағы ветеринарлық пункт­те үш адам жұмыс істейді. Екі ветери­нар­лық фельдшер құжаттармен айналыса­ды. Ал жолдасым мекеменің көлігін жүр­гізе­ді. Бүгінде Қайыңды ауылдық округінде 2 мыңға жуық адам тұрады. Округке қарас­ты Алтынды ауылында – 100, Қайыңды ауылында 130 түтін бар. Округте ветеринар­лық дәріхана жоқ, сондықтан дәрі-дәрмекті об­лыс орталығынан сатып әкелеміз, – дейді Жанар.

Кейіпкеріміз жұбайы Құрақбай Уәлиев екеуі отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, со­лар­дан тараған алты немеренің қызығын көріп отыр. Қашан да еңбекқорлығымен, жұ­мысына адалдығымен көзге түскен мал дә­рігері  бұған дейін Ауыл шаруашылығы қыз­меткерлері салалық кәсіподағының ІІІ жә­не ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен, Мұ­ғалжар ауданы әкімдігінің «Ауыл шаруа­шылығы саласының үздігі» және «Жыл адамы» атақтарымен марапатталған. Қиын сала­ның жүгін арқалап жүрген адал жан қандай марапатқа болса да лайықты. 

Айбектің қуанышы

Өңірде жас та болса адал еңбегімен, кең жүрегімен көптің алғысына бөленіп жүргендердің бірі – Айбек Уайсбаев. Өз кәсібін жетік меңгерген жігіт 11 жылдан бері Ақтөбе ферроқорытпа зауытының газ тазарту қондырғылары цехында шебер-электрик болып жұмыс істейді. Мұнда ол цехтағы қондырғылар мен құрылғыларды қарап, бақылайды, электр желілерін жөндейді.
Оның туған жері – Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылы. Ақтөбе политехникалық колледжін электрик мамандығы бойынша аяқтаған. Сырттай жоғары оқу орнын да тәмамдаған. Оның бұл салаға келуіне, электрик мамандығын таңдауына немере ағасы Нұртас Уайсбаев ықпал етіпті. Ауылда электрик болып еңбек етіп, еңбекқорлығымен ел аузында жүрген ағасының жұмысын көрген Айбек осы саланы таңдаған. Қазір Айбектің екі інісі де өзі сияқты қиын салаларда еңбек етіп жүр. Атап айтсақ, бір інісі Әлібек Хромтауда Дөң тау-кен байыту комбинатында шахтер болса, екінші інісі Жәнібек Қарабұтақта төтенше жағдайлар бөлімінде жүргізуші болып жұмыс істейді. Ал әкесі ауылдық әкімдікте бас маман болса, анасы – мұғалім.
Биыл Айбек «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жұмысшыларға беретін мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында пәтер алды. Отбасымен жаңа пәтеріне қоныстанып, тату-тәтті тұрып жатыр. 

– Жеке баспанамыз болғанын қатты қалап едік. Оған да қолымыз жетті. Бұл да еңбектің жемісі деп ойлаймын. Мен ауылда өсіп, тәрбиелендім. Еңбекке ерте араластым. Сондықтан адам еңбекпен көркейетінін, жетістікке тек өзінің адал еңбегімен жететінін жақсы білемін. Ұлдарыма да ата-анамнан алған осы тәрбиені бойларына сіңіріп жатырмын, – дейді ол.

Алты баланың әкесі

Ырғыз ауданы Құтикөл ауылының тұр­ғыны Аманқос Мырзағұлов 5 жылдан бері «Камал» ЖШС-да малшы болып жұ­мыс істейді. Аталған шаруашылықта 200 ірі қара, 600 қой бар.  
Таңнан кешке дейін мал соңында жү­ріп, өз жұмысын адал атқаратын кейіп­керіміз малшы болу маңдай тер мен тө­зімділікті талап ететінін, сондай-ақ үл­кен жауапкершілік жүктелетін кәсіп еке­нін айтады. Себебі алдымен малдың аман­дығына малшы жауап береді. Одан қал­ды малды суару, жемшөбін беру, тө­ліне күтім жасау керек.

– Қарапайым көрінгенімен, мал бағу – шыдамдылықты, күш-жігерді, қажыр-қай­ратты қажет ететін жұмыс. Мәселен, жай­лау мен қыстаудың ауысуы –  тірші­лік­тің ажырамас бөлігі. Әсіресе, мал төлдейтін кезеңде жұмыс екі есе артып, жауап­кершілік күшейеді. Малды қадаға­лап, бар-жоғын іздеу, алдыңдағы төрт тү­ліктің амандығына жауап беру оңай емес. Қазір жастар мал бағудан қашады. Себе­бі бұл кәсіптің бейнеті көп. Мәселен, қой­ды төлдетуден бөлек, бағу, қадағалау, құрт­таса емдеу, қырқу – мұның бәрі ты­ным­сыз жұмыс. Он екі ай бойы қайта­ла­натын жұмыстан кейде жалығасың. Бірақ отбасым үшін адал еңбекпен нан тауып жүрмін, – дейді Аманқос.

Қазір әлемде ондаған жаңа мамандық пай­да болып жатқанымен, малшы кәсібі өзі­нің маңызын жоғалтқан жоқ. Кері­сінше, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, ауыл экономикасын да­мыту, шаруашылықтардың жұмысын жүр­гізуге малшының тигізер еңбегі зор. Осы­ны шаруашылық басшылары ескеруі ке­рек. Малшының айлығы еңбегіне сәй­кес жоғары болғаны дұрыс. 
Аманқос жұмыс істейтін шаруашы­лық­тың басшысы Камал Сәтбаевтың айтуынша, қожалықта барлық жағдай жасалған. Таза су тартылған. Қазір Аман­қос айы­на 170 мың теңге жалақы алады. Қо­жалық басшысы айлықтан бөлек жұ­мыс­­шысына материалдық көмек те көр­сетіп оты­рады. Алдағы уақытта қожалық мал ба­сын асылдандырып, бордақылау алаңын салмақ. Егер мал басы артса, қо­жалық басшысы тағы да жұмысшы алады. Ал әзірге шаруашылықтың бар малын Аманқос бағып жүр.

– Қай кезде де еңбек еткен адам же­тіс­тік­ке жетеді. Бізді кішкентайымыздан осы­ған үйретті. Сондықтан жұмыстан қаш­паймын. Отбасында келіншегім екеу­міз алты бала өсіріп, тәрбиелеп отырмыз. Олар­ға жайлы жағдай жасап, сапалы білім­мен, тәрбиемен қамту – біздің ортақ мін­детіміз. Сондықтан жұмыстың ауыр­лығына да, жауапкершілігіне де үйреніп, еңбек етіп жүрген жайым бар, – дейді Аманқос.

Данагүл ҚАЗИХАН,
Ақтөбе облысы

 

Тэгтер:

еңбек табыс