Шеберлер бас қосқан күн

Бүгін, 14:30 / Túrkіstan International Political Weekly

Ұлттық мәдениетіміздің ең байырғы, аса құнды саласының бірі – қолөнер өзіндік даралығымен, терең тарихымен ерекшеленеді. Бүгінде заман талабына сай ұлттық қолөнер элементтері үй интерьерінде, киімдерде, әшекей бұйымдарда көп қолданылады. Осы орайда ұлттық болмысымызды сақтап, дәстүрімізді дәріптеп, осы салада еңбек етіп жүрген қолөнершілеріміз жетерлік. Өткен аптада Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында осындай 200-ге жуық қолөнер шебері бас қосып, жұртшылыққа ерекше көрме өткізді. Шеберлік сыныптарын ұйымдастырып, ақтөбеліктерге өз қолдарымен жасаған дүниелерін ұсынды.  

Аталған шараны Ақтөбе облысы әкім­­­дігі мен республикалық «Бақытты от­басы» ақ­параттық кеңес-білім беру ор­талығы ұйым­дас­тырды. Оған «Құр­мет» орденінің иегері, «Ал­тын сапа» сый­лығының лауреаты, «Ал­тын Орда» сән үйінің негізін қалаушы Ырза Тұр­сын­зада арнайы шақырылып, қолөнер ше­берлеріне шеберлік сабақтарын өт­кіз­ді.
Ақтөбенің төрінде «Шеберлер ше-р­уі» атау­ы­мен өткен фестивальге елі­міз­дің түп­кір-түпкірінен, сондай-ақ об­лыс­­тың аудан­да­рынан қолөнер ше­бер­лері қатысты. Олар не­гізінен төрт бағыт бойынша өздерінің ше­берліктерін көр­сетіп, жасаған қолөнер бұйым­да­ры­ның қыр-сырымен бөлісті. Атап айтсақ, ше­берлер құрақ құрау, киіз басу, терме тоқу және ши ораудан жастарға және қо­­лөнерді үйренуге ниетті жандарға ше­бер­лік­терін көрсетті. Мәселен, ақ­төбелік зей­нет­кер, қолөнер шебері Қа­ли­маш Кәрім­бер­диева көп жылдан бері киіз үй жабдықтарын тоқиды. Ұмы­ты­лып бара жатқан өнер бол­ған­дықтан, мұн­дай дүниелерге сұраныс аз. Деген­мен қолөнер шебері ерінбей, түрлі-түс­ті жіптерден оюлап, киіз үй жаб­дық­та­рын то­қып, бар білгенін жастарға үй­ре­тіп жүр. 
– Алты қанат киіз үйге қызыл бау то­қу­ға бір апта уақыт кетеді. Бұл жерде ең бастысы есеп­ке жүйрік, сондай-ақ тө­зімді болуың ке­рек. Қазір мұндай киіз үй жабдықтарына сұ­раныс көп емес. Де­генмен ерекше өнер тү­ріне қы­зы­ғу­шы­лық танытатындар бар. Бүгін­гі фес­ти­вальде қыз-келіншектерге қызыл бау, бас­құр тоқудың қыр-сырын үйретіп, әдіс-тәсілдеріммен бөлісіп жатырмын. Жал­пы, қазақ халқында басқұр, терме тоқу – ежелден келе жатқан өнер түрі. Мы­салы, терме тоқу – қазақ халқының атам заманнан бергі келе жатқан дәс­түрлі өнері. Әсіресе, ауылдық жерде өс­кен біз үшін бұл таңсық емес. Ана­ларымыздың жүн түтіп, жіп иіріп, терме тоқығанын бала кезімізден көріп өстік. Киіз үйдің бүкіл бауын, басқұрын, ши тоқу­дан бастап керек-жарақтарын көр­ші-көлеммен бірге тоқитын. Сол көрініс зер­демізде қалып қойған. Терме тоқу­дағы өткермелеу, ілмектеу жұмыстары­ның барлығы да есептеп санау арқылы, әрбір ілінген жіп санын ұмытпай есте сақ­тау арқылы орындалады. Бұл әдіс – қа­зақтың өрмек өнерінің ең көп тара­ған түрі, көркем дүниелерді тоқуға ең бір қолайлысы. Ал басқұр – киіз үйдің ішін безендіру үшін, уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып таңатын өрнекті жалпақ құр. Басқұрдың ұзындығы киіз үйді айналдыра орап шығатындай болады. Сол сияқты қызыл бау­дың тоқудың да өз ерекшелігі бар, – дейді зейнеткер.
Шараға арнайы келген «Алтын Ор­да» сән үйінің негізін қалаушы Ырза Тұр­сынзаданың айтуынша, аталған фес­тиваль қолөнер шеберлерінің басын қо­сып қана қоймай, ел арасында ұмы­ты­лып бара жатқан ұлттық өнер түр­лері­нің дәріптелуіне, қайта жаңғыр­тылуы­на өзіндік үлес қосады. 
– Өзім Ақтөбе облысына жиі келіп тұ­ра­мын. Мұнда қолөнер шеберлеріне тегін семинар-тренингтер өткіземін. Со­ның бір жемісі – биыл ақтөбелік қо­лө­нер шеберлері республикалық кон­курстан бірінші орын алып келгені. Міне, сол бес саусағынан өнер тамған ш­е­бер­лер осы фестивальге қатысып жатыр. 
Енді шараның маңыздылығына кел­сек, «Шеберлер шеруі» фестивалі – биыл қолға алынған жаңа жоба. Оны Ақтөбе өңірінде жүзеге асыруымыздың өзіндік себебі де бар.  
Өйткені ақтөбелік қолөнершілердің бе­та­лысы, талпынысы зор, олар өз жұ­мысына өте тиянақты, ұқыпты. Деген­мен олардың өз бұйымдарын наси­хат­тап, содан табыс табуына әлі де бір қа­лып­тасқан жүйе, жаңашылдық керек. Кез келген қолөнерші өзі жасаған дү­ние­сін табыс көзіне айналдыра білуі ке­рек. Себебі ол оған қаншама уақытын жұм­сайды, күндіз-түні еңбектенеді. Ме­ніңше, Ақтөбеге қолөнершілердің ба­сын біріктіретін үлкен орталық қажет, – дейді ол.
Ырза Тұрсынзаданың айтуынша, елі­мізде сән индустриясында жыл сайын жаңа топтамалар танысты­ры­ла­тын болса, қолөнер саласында да дәл сон­дай нарықтың сұранысына төтеп беретін жаңа нақыштағы бұйымдар жа­сау маңызды. Олардың бояуы, тех­ни­касының күрделілігі, қолданатын кәде­лері заманауи болуы керек. Кейінгі жыл­дары шетелдерде қазақтың қолө­нер шеберлерінің жұмыстары жоғары бағаланып, бірқатарының туындылары сұранысқа ие болуда. Осы тұрғыда ақ­тө­беліктер де осы салаға өз үлесін қо­суы керек. 
– Мен 16 жылдан бері құрақ құрау­мен айналысамын. Бұл бағытта өзім жа­са­ған дүниелерді трендке айналды­рып қана қоймай, оны жеке кәсіп ретін­де дамытуға бар күшімді салып келемін. Бүгінгі фестивальге осы салада танылып жүр­ген Орал, Ақтау, Атырау қалалары­нан келген қолөнершілеріміз бар. Олар өздерінің қолынан шыққан бұйымдары мен жабдықтарын әлемдік аренаға шы­ғаруға жұмыстанып келеді. Өкінішке қа­рай, бүгінде елімізде алаша, ши тоқу, киіз басу сияқты қолөнер түрлері кен­же­леп бара жатыр. Осындай іс-шара­лар­да аталған қолөнер түрлерін дамы­тып, оны жан-жақты насихаттаудың маңызы зор, – дейді ол.      
Айта кету керек, аталған фес­тиваль­де қала тұрғындары шеберлердің қолы­нан шыққан бұйымдарды көріп қана қоймай, оларға қолдау білдіріп, сатып алып жатты. Бірқатар азаматтар өзге өңір­лерден келген шеберлерге риза­шы­лығын білдіріп, ұлттық өнерге деген жа­нашырлығын көрсетті.
Шара соңында Ақтөбе облысы әкі­мінің атынан барлық қатысушыға ал­ғыс хаттар, ал үздік қолөнер шебер­ле­рі­не тігін машиналары табысталды. 

Данагүл ҚАЗИХАН,
Ақтөбе облысы

Тэгтер:

фестиваль шебер