8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа Жолдауын жариялады. «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» тақырыбындағы биылғы Жолдауда елдің алдағы
даму бағыты айқындалып, бірқатар бастама көтерілді. Солардың негізгілеріне шолу жасап өтейік.
Үш жылда Цифрлы Қазақстанға
айналуымыз керек
Президенттің айтуынша, алдағы үш жылда Қазақстан толыққанды цифрлық мемлекетке айналуға тиіс. Бұл – заман талабы. Ол үшін бірнеше бірқатар жұмыс атқарылуы керек.
Ең алдымен, Alatau City аймақтағы алғашқы толық цифрланған қалаға айналады. Онда Smart City технологиялары енгізіліп, тұрғындар тауар мен қызметтерді криптовалютамен төлей алады.
Жасанды интеллектке жауап беретін жеке құрылым құрылады. Бұл орган жаңа технологияларды енгізуді үйлестіріп, еліміздің цифрлық серпілісін қамтамасыз етеді.
Бұдан бөлек, Ұлттық Банк жанынан стратегиялық крипторезервті жинақтайтын Цифрлық активтердің мемлекеттік қоры құрылмақ. Бұл қадам елдің цифрлық экономикалық қауіпсіздігін күшейтуге жол ашуы қажет.
Инфляция: арқан тартысатын
уақыт емес
Кейінгі жылдары жоғары инфляция халықтың табысын азайтып, экономикалық өсімнің нәтижесін жоққа шығарып отыр. Президент бұл күрделі мәселені шешу үшін Үкімет пен Ұлттық Банктің бірлесіп жұмыс істеуі қажет екенін айтты. Қос құрылым арасында жауапкершілікті бір-біріне ысырып қою болмауға тиіс. Біртұтас мемлекеттік команда ретінде жұмыс істеу – инфляцияны ауыздықтаудың басты шарты.
Президент елімізде 25 мыңға жуық мемлекеттік кәсіпорын бар екенін атап өтті. Олардың көбінің шығыны көп, тиімсіз әрі бәсекеге қабілетсіз. Мұндай құрылымдар нарықтағы әділ бәсекені тежейді әрі бюджетке салмақ салады. Осыған байланысты Президент квазимемлекеттік секторды қысқарту, тиімсіз кәсіпорындарды жекешелендіру және мемлекеттік ықпалды азайту бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Қажет болса, ол осы бағытта арнайы Жарлық шығаруға дайын екенін жеткізді.
Банк өтімділігін экономикаға тарту қажет
Қазір еліміздегі банктер үшін экономикаға кредит беруден гөрі тәуекелі төмен қаржы құралдарына инвестиция салу әлдеқайда тиімді. Соның салдарынан шағын және орта бизнеске, нақты секторға қаржы жетпей жатыр. Президент бұл мәселені шешу үшін Ұлттық Банк пен Үкіметке банктердің артық өтімділігін экономикалық айналымға тартудың жаңа әрі нақты тетіктерін әзірлеуді тапсырды. Бұл қадам бизнесті қаржыландыруды арттырып, экономикалық өсімді қолдауға тиіс.
Ал Банк туралы заңда бәсекеге, финтех пен цифрлық активтерге басымдық берілуі қажет. Мемлекет басшысы қаржы нарығын жетілдіру мақсатында банктер туралы жаңа заңды осы жылдың соңына дейін қабылдауды міндеттеді. Бұл заңда нарыққа жаңа ойыншыларды тарту арқылы бәсекені күшейту, финтех жобаларды қолдау және цифрлық активтердің айналымын ырықтандыру қарастырылады. Президенттің айтуынша, жаңа технологиялар мен цифрлық қаржы құралдары елдің қаржы жүйесін жаңғыртып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттырады.
Активтерді қайтару комитеті қайта құрылымдалмақ
Президент Бас прокуратура жанындағы Заңсыз алынған активтерді қайтару комитетін жаңа деңгейге көтеріп, оны Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті деп атауды ұсынды. Бұл өзгеріс елге инвестициялық сенімді нығайтуға бағытталғанын айтты. Мемлекет басшысы заңсыз активтерді қайтару жұмысының нәтижелі болғанын, қазынаға шамамен 850 млрд теңге қайтарылғанына да тоқталды. Енді басты назар адал инвесторлардың құқықтарын қорғауға ауысуға тиіс.
Зейнетақы жүйесін
реформалау қажет
Қазақстандағы демографиялық өзгерістер мен еңбек нарығындағы жаңа үрдістер зейнетақы жүйесін қайта қарауды талап етіп отыр. Әсіресе, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында жинақ деңгейі тым төмен. Бұл болашақта әлеуметтік тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін. Осыған байланысты Үкіметке, Ұлттық Банкке және СЖРА-ға зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар қабылдау тапсырылды.
Бұдан бөлек, Президент Жолдауда СЖРА жанынан демографиялық зерттеулер орталығын құру туралы бастама көтерді.
Парламент жүйесінің бағыты референдумда шешіледі
Президент саяси реформалардың жалғасы ретінде бір палаталы Парламент жүйесіне көшуді ұсынды.
– Сенатқа мемлекет құру ісіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету тарихи міндеті жүктелді. Өткен 30 жылда Сенат өзінің осы аса маңызды тарихи миссиясын абыроймен, тиімді атқарып шықты. Жоғары палата заң шығару үдерісінің, басқа да негізгі реформалардың айрықша маңызды тетігі әрі кепілі болып келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Бірақ бұл мәселені бүкіл халықтың талқысына салып, 2027 жылы референдум өткізу арқылы шешу қажет екені айтылды. Тоқаевтың пікірінше, мұндай қадам заң шығару процесін жеңілдетіп, саяси институттардың тиімділігін арттырады.
– Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын.
Бұл – әлемде кеңінен тараған парламенттік рәсім. Осылайша, Мәжілістің қазіргі құрамы барлық заңдық рәсімдер аяқталғанша өз ісімен айналыса береді. Сенат жалпыұлттық референдумның қорытындысы шығып, жаңа Парламент сайлауы өткенге дейін алаңсыз жұмыс істейді. Ал саяси партиялардың бәсекелі тартысқа дайындалуына уақыты болады, – деді Президент.
Cөз аяғында Мемлекет басшысы әрбір шешім халықтың жағдайын жақсартуға сеп болуы керек екенін айтты.
– Мемлекет деңгейінде қабылданған әрбір шешімнің мән-маңызы, ең алдымен, халықтың тұрмысын жақсарту, экономиканы тұрақтандырып, әлеуметтік әділдік орнату үшін жасалған нақты істермен өлшенуге тиіс. Сонда біз жаңа тұрпатты, мықты ел боламыз. Қазақстан жан-жақты, түбегейлі реформалардың арқасында дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Алда қарқынды жұмыс күтіп тұр. Біз бағдарымыздан айнымай, тек алға қадам басуымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Болатбек Нажметдинұлы,
Мәжіліс депутаты:
Цифрлық шешімдер басты құралға айналуға тиіс
– Президент өз Жолдауында халқымыздың көкейінде жүрген ең өзекті сауалдарға нақты жауап беріп, Қазақстанның даму жолына тың серпін беретін бағыт-бағдарды айқындап берді, заманауи үрдістерді ескере отырып, цифрлық технология мен жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет екенін баса айтты. Инвестициялар мен инфрақұрылымнан бастап, ауыл шаруашылығы мен экологияға дейін барлық салада цифрлық шешімдер мен озық технологиялар басты құралға айналуы тиіс екені айтылды.
Барлық мемлекеттік органдар мен қоғам жаңашылдыққа бет бұрып, күнделікті өмірде ашылып жатқан жаңа мүмкіндіктерді толыққанды пайдалануға тиіс. Бұл реформаларды бірнеше есе жеделдетіп, олардың сапасын арттыратын шешуші фактор. Ең бастысы ашықтық пен әділетт орнығады. Қоғаммен шынайы диалог қалыптасып, әр азамат ел тағдырындағы өзгерістерге белсене қатыса алатын болады.
Осы жолда елімізде жаңа құрылым жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылмақ. Оған жаңадан тағайындалатын Вице-премьер жетекшілік етеді.
Жолдауда тағы бір маңызды басымдық кәсіпкерлікті қорғау мәселесі ерекше атап өтілді. Енді барлық министрліктер, әкімдіктер, ұлттық компаниялар мен өңірлік құрылымдар кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға жұмылдырылмақ. Келешекте олардың жұмысы дәл осы бағыт бойынша бағаланатын болады.
Бұдан бөлек, бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктеріне қатысты барлық заңнама мен саясат толықтай қайта қаралатын болады. Сонымен қатар Бас прокуратура жанынан инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі арнайы комитет құрылады. Бұл шаралар, ең алдымен, отандық кәсіпкерлердің шетелдік компаниялармен тең жағдайда бәсекелесуіне мүмкіндік береді. Мұндай бастамалар жөнінде еліміздің бизнес өкілдері менімен жазғы кездесулер барысында бірнеше рет мәселе көтерген болатын. Президент бұл үндеулерді ескерді.
Алайда барша жұрт тосын жаңалық еліміздің бір палаталы Парламентке көшуі болды. Бұл – саяси жүйені жаңғырту мен елдегі партиялық институттарды дамыту жолындағы маңызды әрі батыл қадам. Мұнда белгілі бір саяси қисын бар: егер адамда саяси амбиция, ел игілігі үшін өзгеріс енгізуге деген шынайы ниет болса, алдымен қала немесе облыс мәслихатына бір мандатты округ арқылы өтіп, нақты тәжірибе жинақтауы қажет. Ал Мәжіліске партияластарының қолдауына ие болып, жүйелі ұсыныстарымен келуі тиіс. Бұл қадам бір жағынан популистік көзқарастарға тосқауыл қойса, екінші жағынан елдегі саяси бәсекелестікті жүйелеуге жол ашады. Ел дамуы үшін қажет маңызды заңдарды қабылдау үдерісінің жеделдеуі ерекше маңызға ие.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы қабылдаған шешімі арқылы орта мерзімді электоралдық күнтізбені нақтылады. Сайлау 2027 жылдан ерте өткізілмейді, бұл өз кезегінде барлық мүдделі қоғамдық-саяси субъектілерге оған дайындалуға толық мүмкіндік береді. Барлығы ашық және әділ, күтпеген жайт жоқ.
Жалпы алғанда Жолдау Президенттің өз халқын терең түсінетінін және елдің өзекті саяси мәселелеріне жауап бере алатын нақты бағдар ұсынатынын тағы бір мәрте көрсетті. Бұл – қоғамды біріктірудің және ел дамуын ілгерілетудің маңызды факторы.
Мархабат Жайымбетов,
Мәжіліс депутаты:
Экономиканы әртараптандыру – маңызды міндет
– Жолдау – елдің болашақ дамуын айқындайтын тарихи құжат. Президентіміз Қазақстанды жаңа технологиялар мен жасанды интеллектке сүйенген өркениеттік жаңа жолға бағыттап отыр. Бұл құжат жай ғана тапсырмалар тізімі емес, қоғамды жаңғыртудың кешенді жоспары, алдағы жылдарға арналған ұлттық идеяның айқын көрінісі.
Ең алдымен, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдер ел дамуының өзегіне айналмақ. Осыған орай Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру және Цифрлық кодексті қабылдау ұсынылды. Кодекс үлкен деректерді, платформа экономикасын, жаңа технологияларды реттеп, инновациялық шешімдерге жол ашады. Мемлекеттік басқару жүйесі заман талабына сай қайта құрылып, ашықтық пен тиімділік жаңа деңгейге көтеріледі.
Экономиканы әртараптандыруға ерекше басымдық берілді. Жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға қолдау көрсетіледі. Инвестиция тарту саясаты түбегейлі қайта қаралып, өңірлердің тартымдылығы арнайы индекс арқылы бағаланатын болады. Өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу, мұнай-газ және металлургия саласында терең өңдеу жобаларын іске асыру – нақты міндеттердің бірі.
Ауыл шаруашылығында да жаңа технологиялар кеңінен енгізілмек. Жерді тиімді пайдалану үшін спутник мониторингі мен жасанды интеллект қолданылады. Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасы әзірленіп, барлық процесс ашық әрі әділ жүргізіледі.
Қазақстанның географиялық артықшылықтарын тиімді пайдалану үшін көлік-логистика саласы жаңаша дамиды. «Солтүстік – Оңтүстік», «Шығыс – Батыс» және Транскаспий дәліздері елімізді Еуразия құрлығындағы басты транзиттік орталыққа айналдырады. Бұл бастама Қазақстанның халықаралық саудадағы орнын күшейтеді.
Туризм саласы да жаңа деңгейге көтеріледі. Әсіресе, Алматы облысындағы тау туризмі мен тау шаңғысы курорттары Қазақстанның халықаралық брендіне айналуға тиіс. Аймақтардың жауапкершілігі артып, туристік инфрақұрылым сапасына ерекше көңіл бөлінеді.
Жолдауда экономикалық және технологиялық бағыттармен қатар саяси жаңғыру да назардан тыс қалған жоқ. Президент бір палаталы Парламент құру мәселесін ұлттық талқыға ұсынып, бұл бастаманың 2027 жылы бүкілхалықтық референдум арқылы шешілетінін атап өтті.
Әр Жолдау – Қазақстанды жаңа дәуірге бастайтын стратегиялық бағдар. Жасанды интеллект, цифрландыру және инновациялар тек экономикалық өсімнің емес, ұлттың жаңа болмысының өзегі. Әділдікке, білім мен еңбекке сүйенген қуатты мемлекет құру – Жаңа Қазақстанның басты мақсаты.
Бүгін қабылданған шешімдер – ертеңгі ұрпақтың тағдырын айқындайтын тарихи таңдау. Қазақстан жаһандық бәсекеде өз орнын нығайтып, әрбір азаматқа жаңа мүмкіндік беретін мемлекет болуға бағыт алды. Ал негізгі тірегіміз – бірлігіміз, біліміміз және жаңа технологияларды игерудегі батылдығымыз.
Жансая Нұралиева,
Қоғамдық саясат институтының
аға сарапшысы:
Қаржыны үнемдеп, шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді
– Мемлекет басшысы Жолдауда айтқан бір палаталы Парламентке көшу бастамасы еліміздің саяси жүйесін ықшамдау және тездетуге бағытталған қадамдардың бірі деп есептеймін. Бұл бастама референдумда халықтың қолдауына ие болып жатса, заң шығару жауапкершілігі бір палатаға шоғырланатын болады.
Бір жағынан, бір палатаға көшу заңдардың бюрократиялық кедергілерге ұшырамай, жылдамырақ қабылдануына әсер етеді. Сонымен қатар қаржыны үнемдеп, шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Саяси партиялардың рөлі күшейеді. Бұл өз кезегінде партияаралық бәсекелестіктің артуына алып келеді. Бірақ бұл тұста асығыстыққа бой алдыруға болмайды. Алдағы уақытта Сенаттың кейбір функциялары қайта бөлінуі мүмкін.
Әлемнің бірқатар унитарлы елдерінде, атап айтқанда Дания, Швеция, Норвегия, Финляндия, Израиль, Жаңа Зеландия секілді мемлекеттерде бірпалаталы парламент жұмыс істейді. Дегенмен бұл жүйеде саяси әртүрліліктің әлсіреуі мен лоббизм ықпалының артуы сияқты сын-қатер де бар.
Аяулым Сағынбаева,
Ұлттық сарапшы-демограф,
Қазақстан демографтары ассоциациясының төрағасы:
Дер кезінде жасалған қадам
– Қазақстанда демографиялық ахуалды үнемі бақылап отыру аса маңызды. Бұл үшін кәсіби демографиялық зерттеулер мен болжамдар қажет екенін және Қазақстан демографтар қауымдастығы бірнеше рет көтерген болатынбыз. Себебі мемлекеттің басты қазынасы – халқы. Халықтың саны мен сапасы қандай болады деген сұрақтарға нақты жауап бермейінше өңірлік даму туралы айту мүмкін емес.
Бұл мәселе бұрыннан өзекті болып келген. Мысалы, былтыр Сенаттың бастамасымен үлкен отырыс өтті. Сондай-ақ Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның табанды жұмысы, демографтар қауымдастығы мен тәуелсіз сарапшылардың еңбегі нәтижесінде бүгінгі таңда өте маңызды саяси шешім қабылданып отыр. Бұл – дер кезінде жасалған қадам. Өйткені қазір әлемде геосаяси тұрақсыздық күшейіп, Орталық Азия мемлекеттерінде демографиялық өзгерістер байқалуда. Мұның бәрі демографиялық тұрақтылық мәселесін күн тәртібіне шығарып отыр.
Мен жуырда Чехиядағы Карлов университетінде тағылымдамадан өтіп, Қазақстанда демографиялық болжамдар жүйесін құру тақырыбында зерттеу жүргіздім. Әлемнің дамыған елдерінде – Франция, Германия, АҚШ, Жапония, Қытайда мұндай орталықтар әлдеқашан бар. Ресейдің өзінде Мәскеуде бес зерттеу орталығы жұмыс істейді. Сондықтан Қазақстанда арнайы орталықтың құрылуы – уақыт талабы.
Орталықтың жұмысы туралы нақты айта алмаймын, бұл мәселе әлі қарастырылуы керек, бірақ менің бағалауым бойынша, бастысы – зерттеулер, болжамдар, соған қатысты өңірлік даму мәселелеріне жағдай жасауы керек.
Сонымен қатар бұл орталық көптеген демографиялық сын-қатер мәселесін қарастырады деп ойлаймын. Бүгінде еліміздің сегіз өңірінде депопуляция байқалып отыр. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысында бірнеше жылдан бері табиғи кему тіркеліп отыр: өлім көрсеткіші туу деңгейінен жоғары. Бұл шекаралық аймақтардың дамуы мен ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысты. Жалпы, демографиялық даму мен сын-қатерлер басты стратегиялық бағыттың бірі ретінде көрсетілген. Бүгінгі шешім сол құжаттағы мақсаттардың орындалып келе жатқанын дәлелдейді.
Айта кетерлігі, Орталық Азияда мұндай демографиялық зерттеу орталығы әлі жоқ. Сондықтан Қазақстан бұл тұрғыда аймақта бірінші болып отыр. Оның Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі жанынан ашылғаны да өте орынды. Себебі осы агенттіктің құрамында Ұлттық статистика бюросы бар, ал демографиялық ахуалға қатысты деректерді жинау мен талдау сол мекеме арқылы жүзеге асып келген.
Жаңа орталық сапалы құжаттар әзірлеп, білікті мамандарды тартып, еліміздің тұрақтылығы мен дамуына үлес қосатын маңызды ғылыми-сараптамалық құрылымға айналады деп сенемін.
Ерлан Жақыпов,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің басшысы:
Жаңа инвестиция кезеңінің бастауы
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында инвестиция тарту мен елдің инвестициялық ахуалын жақсартудың маңызына тағы да тоқталды. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық пен әлемдік экономиканың үдемелі фрагментациясы жағдайында бұл міндет ерекше мәнге ие. Қазақстан үшін бұл тек бәсекеге қабілеттілікті сақтап қалу ғана емес, сонымен қатар әртараптандыруға, инновацияларға және институционалдық ортаны дамытуға негізделген жаңа даму нүктелерін қалыптастыру қажет екенін білдіреді.
2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасына 6,6 млрд доллар инвестиция тартылды. Бұл былтырғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 6,2 пайызға артық. Жалпы алғанда, 2005 жылдан бері елге 424,3 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылған.
Сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан халықаралық рейтингтер деңгейінде оң нәтиже көрсетіп отыр. Мәселен, S&P агенттігі Қазақстанның жағдайы бойынша болжамды «тұрақтыдан» «позитивтіге» жақсартып, «BBB-» рейтингін растады. Сонымен қатар World Competitiveness Ranking 2025 рейтингінде Қазақстан бір сатыға көтеріліп, 34-орынды иеленді. Бұл макроэкономикалық тұрақтылық пен іскерлік ортаның жақсарғанын көрсетеді.
Жаһандық және өңірлік инвестициялар үшін бәсекелестік күшейіп жатқан жағдайда Қазақстан инвесторларға институционалдық қолдауды арттырды. Осы мақсатта «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін Инвестициялар тарту кеңесі (инвестициялық штаб) құрылды. Оның негізгі міндеті – туындайтын мәселелерді жедел шешу, жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде көмектесу және жаңа бастамаларды жедел іске қосу. Штабтың басты мақсаты – елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру және отандық әрі шетелдік компаниялар үшін қолайлы жағдай жасау.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Активтерді қайтару комитетін Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті деп қайта атауды тапсырды. Бұл бизнес үшін Қазақстанда олардың мүдделерін қорғау басты назарда екенінің белгісі болмақ. Ал келешекке келсек, Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін және жоғары технологиялық салаларды дамытуға айтарлықтай мүмкіндіктері бар. Мемлекет басшысы атап өткендей, инвесторларға жағдай жасалатын болады.
Инвестициялық тартымдылықты одан әрі арттыру мақсатында өткен жылғы қазанда 2029 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы бекітілді. Инвестиция тартудың жаңа тәсілі экономиканың нақты салаларының қажеттіліктерін ескеруге негізделген. Инвестицияларға «тапсырыстар» отандық бизнес пен квазимемлекеттік компаниялардың сұранысына қарай қабылданбақ. Бұл инвестициялық саясаттың нысаналы бағыты мен тиімділігін арттыруға тиіс.
Жалпы алғанда, Қазақстан ЭЫДҰ-ның Халықаралық инвестициялар және көпұлтты кәсіпорындар туралы Декларациясының қағидаттарын ұстанып келе жатыр. Бұл еліміздің жаһандық аренадағы сенімді әрі болжамды серіктес ретіндегі имиджін жақсартады.
Тимур Бектұр,
ІТ-сарапшы:
Қазіргі министрліктің құрылымы кеңейеді деп пайымдаймын
– Президент Жолдауда айтқан «қазіргі құзырлы министрліктің негізінде» дегенді талдай отырып, мынандай қорытынды жасауға болады: толығымен жаңа мемлекеттік орган құрылмайтын сияқты. Керісінше, қазіргі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне құрылымдық өзгерістер енгізіліп, оның қызметі кеңейтіледі деп пайымдаймын. Яғни, бұрынғы цифрландыру бағыттағы қызметтер жалғасын тауып, сонымен қатар жасанды интеллект саласына көбірек назар аударылады деген сөз.
Әртүрлі мемлекеттердің басқару жүйелері мен дәстүрлері өзгеше екені белгілі. Кейбір елдерде ЖИ мамандандырылған министрліктер болуы әбден мүмкін, себебі олар алдын ала цифрлық немесе технологиялық министрліктерсіз-ақ мұндай мамандандырылған органдар құрған болуы ықтимал. Дегенмен басқа елдердің тәжірибесі бар дегеннің өзі біздің де дәл солай істеуіміз қажет дегенді білдірмейді.
Сондай-ақ кейбір мемлекеттер бұрынғы технологиялық министрліктеріне қайта атау беру арқылы жаңартып жатқан болуы да ғажап емес. Біздің жағдайымыз да осындай көрінеді. Өйткені мәселелер атауды ауыстырумен емес, нақты іспен шешіледі. Ал атаудың өзгерісі «цифрлық трансформация аяқталып, енді жасанды интеллект заманына қадам басуымыз қажет» деген мәнді білдіріп тұр деп түсінемін.
Гүлмира Туканова,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Стратегиялық талдау бөлімінің бас сарапшысы:
Технологиялық прогресс пен оптимизм – Жолдаудың өзегі
– Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Өткен жылы экономикалық реформалар мәселесі салық пен инвестициялық саясатқа баса назар аударылды, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидаты үстемдік ететін құқықтық мемлекет құру қажеттілігінде жалғасын тапты. Биылғы тақырып – цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріндегі даму парадигмасының өзгеруі.
Тақырыптық мазмұннан бөлек, Жолдаудың «көңіл күйі» мен жалпы сарынына назар аудару қажет. Биылғы Жолдаудағы негізгі сарыны – технологиялық прогресс пен соған байланысты жаңа мүмкіндіктер.
Жалпы, сегіз айдың қорытындысы бойынша 2025 жыл бейбіт әрі жемісті, жоғары деңгейдегі халықаралық кездесулер мен іс-шараға толы болды деп айтуға болады.
Өсім тек экономикада ғана емес, өмір сүру сапасында да байқалады. Президенттің бүгінгі Жолдауында инклюзивті экономикалық өсім мен қазақстандықтардың өмір сүру сапасының маңыздылығын мемлекеттің басты мақсаты ретінде атап өтті: «Салық түрінде төленген әрбір теңге қоғамға сапалы мемлекеттік қызмет, инфрақұрылым, мемлекеттік қолдау шаралары түрінде қайтарылуға тиіс. Мысалы, биыл жарияланған Ғаламдық әлеуметтік прогресс индексінде еліміз 69,7 пункттен 71,5 пунктке көтеріліп, әлеуметтік прогресі жоғары мемлекеттер санатына өтті.
Бір айта кетерлігі, ғаламдық әлеуметтік прогресс индексі қоғамның әл-ауқатын экономикалық емес көрсеткіштерге сүйене отырып бағалайды. 170 елдегі әлеуметтік өркендеу деңгейі үш өлшемге топтастырылған 57 көрсеткіш бойынша есептеледі: «Негізгі қажеттіліктер», «Әл-ауқат негіздері» және «Мүмкіндіктер». Қазақстан ең жоғары балды «Негізгі қажеттіліктер» өлшемі бойынша 86,28 балл иеленді. Бұл өлшемге тамақтану мен медициналық көмек, су мен санитарлық жағдай, тұрғын үй жағдайы, қауіпсіздік сияқты индикаторлар кіреді.
Биыл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанның инфекциялық емес аурулардан болатын өлім-жітімді азайтудағы ілгерілеуін атап өтті. Еліміз мерзімінен бұрын болатын өлім-жітімді 25 пайызға қысқарту мақсатына қол жеткізген ДДҰ-ның Еуропалық өңіріндегі он елдің қатарына кірді. Бұл жетістік, ең алдымен, бүкіл ел бойынша арнайы кардиология және инсульт орталықтарының құрылуына, сондай-ақ өмірлік маңызды кардиологиялық араласулар жасалатын катетеризациялық зертханалардың көбеюіне байланысты мүмкін болды.
Сондай-ақ еліміздің жүрек пен өкпе трансплантациясын қоса алғанда, күрделі хирургиялық операцияларды жүргізудегі жетістіктері айтылып жүр. 2012 жылдан бері жүректің айдау қызметін қолдайтын 600-ден астам көмекші құрылғы сәтті имплантацияланды. Бұдан бөлек, биыл Қазақстанда жүзінші жүрек трансплантациясы жасалды, бұл еліміздің медициналық қауымдастығы үшін маңызы зор оқиға болды.
Қоғамдық денсаулық сақтауды жақсарту, медицинаны дамыту – әлеуметтік-экономикалық реформалардың түпкі мақсаты, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі көрсеткіштері.