Шымкенттің қақ ортасында орналасқан «Кең баба» саябағы бірнеше жыл бұрын «Алматы-Сапар» ЖШС-не балалар мен жасөспірімдерге арналған мәдени-эстетикалық орталық салу үшін уақытша пайдалануға берілген. Алайда жалға алу мерзімі аяқталғаннан кейін компания жер телімін заңсыз иемденіп, жеке мақсатта пайдаланған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қалалық әкімдік мәселені сотқа жеткізді. Шымкент қаласы Жер ресурстарын басқару департаментінің талап арызы негізінде Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот «Алматы-Сапар» ЖШС-нің құқықтық құжаттарын жарамсыз деп таныды. Сот шешімі заңды күшіне енді.
Қазіргі таңда заңсыз салынған нысандарды бұзу және жерді бастапқы қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Әкімдік саябақтар мен скверлердің – жеке мүдде емес, қоғамдық игілік екенін атап өтті.
Мамандардың пікірінше, қоғамдық кеңістікті заңсыз иемдену тек заң бұзу емес, қаланың даму философиясына қайшы әрекет. Бұл шешім өзге кәсіпкерлер мен ұйымдарға заң аясында жұмыс істеу қажеттігін көрсетеді.