Қорғаныс министрі «Жауынгерлік достастық – 2025» тактикалық оқу-жаттығуының қорытындысын шығарды

Бүгін, 14:54 / Дана Ізтілеуова
gov.kz

Қарағанды облысындағы «Сарышаған» полигонында бірлескен «Жауынгерлік достастық – 2025» тактикалық оқу-жаттығуы сәтті аяқталды. Оқу-жаттығудың жауынгерлік атыстарды қамтыған шешуші кезеңін еліміздің Қорғаныс министрі, Қарулы күштер түрлерінің бас қолбасшысылары, әскер тектерінің қолбасшылары тікелей бақылады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бірлескен маневрлерге 1500-ден астам әскери қызметші, 200-ге жуық әскери және арнайы техника, сондай-ақ 30-дан аса ұшу аппараттары жұмылдырылды. Әуе техникасы құрамында көп мақсатты Су-30СМ жойғыш ұшақтары, Су-25 шабуылдаушы ұшақтары мен әртүрлі типтегі тікұшақтар болды.

Авиация мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің үйлесімді іс-қимылы барысында ұшқыштар шартты қарсыластың әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін бұзып өту, жақын қашықтықтағы маневрлік әуе шайқасы, жерүсті нысандарын жою және жаппай әуе соққысын тойтару секілді тактикалық эпизодтарды пысықтады.
Шартты қарсыластың радиотехникалық бөлімшелеріне барлау-соққы жасаушы дрондармен соққы берілді. Әуе барлауы мен шабуыл мақсатында SkyLark-1LEX және Anka ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылды. Ал әуе шабуылына қарсы тұру үшін С-300ПС, С-125, Бук-М2Э және ТОР-М2К зениттік-зымыран кешендері пайдаланылды.

Оқу-жаттығу аясында алғаш рет «әуе-әуе» санатындағы басқарылатын Р-60М зымырандары сәтті сынақтан өтті. Сонымен қатар, әуе шабуылына қарсы операция барысында әскери оқу орындарының курсанттары құрастырған дрондардың мүмкіндіктері көрсетілді. Сынақтар зымырандардың дәлдігі мен тиімділігін, сондай-ақ қазіргі заманғы ұрысқа авиациялық бөлімшелердің дайын екендігін дәлелдеді.
Қарсыластың ұшқышсыз ұшу аппараттарын басу үшін «Алмаз» радио және радиотехникалық бақылау әрі нысана көрсету кешені, дрондарға қарсы радиоэлектрондық күрес жүйесі – «Янтарь», ұшқышсыз аппараттардың спутниктік навигациясын тұншықтыратын «Маржан» жүйесі, сондай-ақ «Гроза-Р2» және «Меруерт» антидрондық қарулары қолданылды.

Төмен жылдамдықпен ұшатын және көзге түсуі қиын нысандарды жоюда ПЗРК «Игла», «Стрела-1М», «Стрела-10» және «Шилка» зениттік кешендерінің есептоптары өз шеберлігін көрсетті.

Оқу-жаттығудың жабылу салтанатында Қорғаныс министрі жауынгерлік дайындықтың жоғары деңгейін, есептоптардың үйлесімді әрекетін атап өтті.

Оқу-жаттығудан кейін авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Сарышаған және Приозерск гарнизондарындағы әскери бөлімдерге барып, командирлердің есептерін тыңдап, әскери нысандарды аралады. Қорғаныс министрі оқу-жаттығу міндеттерін сапалы орындау, әскери инфрақұрылым нысандарын жұмыс күйінде ұстау, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау тәртібін қатаң сақтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Тэгтер:

Қорғаныс министрі Жауынгерлік достастық