Air Astana жолаушыларға маңызды ескерту жариялады

Бүгін, 12:37 / Інжу Әлихан
Air Astana

Алматы әуежайынан сапарға шыққалы отырған жолаушыларға маңызды өзгерістер туралы ескертілді, деп хабарлайды turkystan.kz,

Air Astana әуе компаниясы 11 қыркүйекте мәлімдегендей, 2025 жылдың 15 қыркүйегінен бастап сағат 12:00-ден тіркеу рәсімдері Алматы әуежайында тек Т2 терминалында жүргізіледі. Бұл өзгерістер ішкі рейстерге арналған терминалдың (Т1) ғимаратында жүріп жатқан қайта құру жұмыстарына байланысты енгізіліп отыр және жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін жалғасады.

"Ішкі рейстерге жолаушыларды тіркеу Т2 терминалындағы 14–25-стойкаларда жүзеге асырылады. Тіркеуден өткен соң жолаушылар Т1 терминалына өтіп, әуе қауіпсіздігі тексерісінен және ұшаққа отырғызу рәсімінен өтуі тиіс. Онлайн тіркеуден өткен жолаушылардың жүгі болса, оны 14–15-стойкаларда (baggage drop-off) тапсырады, ал жүгі жоқтар бірден Т1 терминалына өтіп, тексерістен өтіп, рейске отыра алады", – деп хабарлады әуе компаниясы.

Онлайн тіркеу Air Astana-ның ресми сайтында және мобильді қосымшасында қолжетімді. Ішкі рейстер үшін ол ұшуға 36 сағат қалғанда ашылып, 60 минут қалғанда жабылады. Бұдан бөлек, Т2 терминалында өзін-өзі тіркеу киосктары орнатылған. Әуе компаниясы жолаушыларға тіркеу уақыты мен терминалдар арасындағы өтуге кететін уақытты ескеріп, әуежайға ертерек келуді ұсынады.

Халықаралық рейстерге тіркеу бұрынғыдай жүргізіледі.

Бұған дейін, 2025 жылдың 10 қыркүйегінен бастап Алматы әуежайында өртке қарсы су құбырын ауыстыру жұмыстарына байланысты "Ақсұңқар" қонақүйі алдындағы әуежай аумағына кіру мен шығу уақытша шектелгені хабарланған болатын.

Тэгтер:

жолаушы Air Astana