Түркістан облысы Төлеби ауданынан жеткізілген небәрі бір жарым жастағы балақайдың қолы еттартқышқа қысылып, ауыр жарақат алған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жарақат салдарынан бүлдіршін ес-түссіз күйде, травматикалық шокпен жансақтау бөліміне түсті. Дәрігер-хирургтердің шұғыл шешімі мен кәсіби шеберлігінің арқасында дер кезінде ота жасалып, алғашқы көмек көрсетілді.
«Қазіргі таңда баланың жағдайы тұрақты, оң өзгерістер байқалып отыр. Әзірге ол жансақтау бөлімінде дәрігерлердің жіті бақылауында», — делінген Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы ұсынған ақпаратта.
Мамандар мұндай оқиғалар ата-аналарға үлкен сабақ болуы тиіс екенін ескертеді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — әрбір ересектің басты міндеті. Әсіресе тұрмыстық техника мен өткір құралдарға қатысты сақтық шараларының маңызы зор.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстануға шақырады.