Ақтөбеде сотталушы әйел сот отырысында толғатқан

10 қыркүйек, 2025 / Өтей Торғайұлы

Ақтөбе облыстық соты заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін айыпталған бірнеше әйел мен ерлі-зайыптыларға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Сотталушылардың арасында жүктіліктің 39-аптасында жүрген келіншек те бар. Үкім жарияланып жатқан сәтте оны толғақ қысқан, сондықтан жедел жәрдем қызметі дереу алып кеткен. 

Тергеу материалдарына сәйкес, айыпталушылар екі жыл ішінде заңсыз кәсіптен 1 миллиард 721 миллион теңге пайда тапқан. Сот үкіміне сәйкес, ұйымдасқан топ құрамында болған 7 әйел қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Бұған дейін үйқамақта болған сотталушылардың қолына сот залында кісен салынды. Күзетшілерді көрген әйелдердің кейбірі жылап, айқай шығарған.

Барлығы 9 адамға айып тағылған. Олар ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша жауапқа тартылды: “Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру”, “Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу”, сондай-ақ “Қылмыстық жолмен табылған қаражат пен мүлікті заңдастыру”.

Айыпталушылардың екеуі тергеу изоляторында болса, қалған жетеуі үкім шыққанға дейін үйқамақта болған.

Тэгтер:

Ақтөбе Сотталушы