Маңғыстау облысында 3 жасар бала балабақшада ауыр жарақат алған

10 қыркүйек, 2025 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Маңғыстау облысы Ақшұқыр ауылында 3 жасар бала жеке балабақшада ауыр жарақат алды. Ата-ананың айтуынша, бала саусағындағы тырнағын жоғалтып, тері ауыстыру операциясына мұқтаж болған, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Lada.kz порталына сілтеме жасап.

Ата-анасының сөзінше, бұл жағдай 25 тамызда болған.

«Шамамен сағат 11:30-да тәрбиеші телефон шалып, баламыздың қолын стаканмен кескенін айтты. Келгенде көргенімі саусақты шкаф есігі қысып кеткен, тырнақ толықтай кесілген, саусақ қатты қанап тұрды», – деді анасы.

Ата-аналар тәрбиеші алғашқы көмек көрсетпеді және жедел жәрдем шақырмады деп мәлімдеді.

«Біз өзіміз облыстық балалар ауруханасына апардық. Онда жағдай ауыр екенін айтып, сүйекті жабу үшін шынтақтан тері алынғанын айтты. Дәрігер операция болмаса, саусақ мүгедек болып қалуы мүмкін екенін ескертті», – деп жеткізді анасы.

Полиция департаменті бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 141-бабы (Балалардың өмірі мен денсаулығын қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамау) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалып, тергеу жүріп жатыр.

Анасының айтуынша, оларға жағдайды ұмыттыру үшін материалдық өтемақы ұсынған.

«Тырнақ жоқ, жұмсақ тін жоқ, тек сүйек қалды. Сүйекті жабу үшін білектен тері алынды. Біз баланың тырнағын қалпына келтіретін толық пластикалық операцияны балабақша төлесін дедік. Бірақ әкімшілік 200 мың теңге ұсынып, мәселені жабуды талап етті. Біз бас тарттық. Баламның болашақта тырнағы сол жерде болғанын қалаймын, кесек емес. Кері жауап «Сотқа бергіңіз келе ме беріңіз, максималды айыппұл болады» деді», – деді бала анасы.

Қазір бала операциядан кейінгі емін қабылдап жатыр. Ата-аналар әділдік талап етіп, өңірдегі балабақшалардың қауіпсіздігіне қатаң бақылау орнатылуын қарастырып отыр.

Тэгтер:

Балабақша Маңғыстау облысы